Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мұнайлы ауданында орналасқан "Құйылыс" жерасты сулары кен орнына барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кен орны МАЭК-тың орталық сумен жабдықтау торабына су жеткізетін станцияның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, мұнда 30-дан астам адам жұмыс істейді.
Ақтау қаласының тұрғындарын сумен қамтып, орталық сумен жабдықтау торабына түсетін техникалық су көлемін ұлғайту үшін, сондай-ақ "Каспий" тұщыландыру зауытын сумен қамтамасыз ету мақсатында "Альянс-ЛТД" ЖШС ұзындығы 46 шақырым құбырды жөндеуден өткізді. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері жұмыс істеп тұрған ескі құбырлар жаңартылды.
"Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 46 шақырым учаскеде 28 шақырым құбыр орнатылды. "Құйылыс" кен орнынан МАЭК-ке және "Каспий" тұщыландыру зауытына дейін тартылатын су құбыры реконструкцияланып біткен соң облыс орталығындағы техникалық судың көлемі едәуір артады", - деді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әбдеш Түрікменбаев.
Жобаның құны шамамен 18,4 миллиард теңгеге бағаланады. Жобаны іске асыруға 2024 жылы республикалық бюджеттен қосымша 5,5 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы су ресурстары және ирригация Министрлігіне 5,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берді.
Су құбырын реконструкциялау жөніндегі жоба уақытылы қаржыландырылса, жұмыстар биыл жазында аяқталады.
Нұрлан Ноғаев жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес орындалып, жұмыстың сапасына ерекше назар аудару екенін атап өтті.