6 мамырда Астанада ҚР Президентінің қатысуымен жоғары әскери және арнаулы атақтар мен сыныптық шендерді тапсыру рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Қазкеев Бекайдар Маратұлына «генерал-майор» жоғары әскери атағы берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Батыс» РМК-ға сілтеме жасап.
Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 79 жылдығымен құттықтап, ел қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
«Бүгінде айбынды армиямыз – елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны. Қуатты әскеріміз бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұр. Олар қай кезде де қастерлі Отанымызды қорғауға дайын. Ерлік майданда ғана жасалмайды. Ерлікке бейбіт заманда да орын бар. Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, президент генералдар мен офицерлердің бүгінгі жетістігі еңбегінің жемісі екенін атап өтті.