Ақтауда ерекше ән айту қабілеті бар өнерпаз тұрады. Оның аты-жөні — Шынар Болат. Бір жарым жылдан бері қос жанары көрмей қалған әнші инстаграм, тик-ток әлеуметтік желісіне өзінің шырқаған әндерін жариялап, көпшілік оқырманны ықыласына бөленіп жүр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шынар Болат — Қызылорда облысының тумасы. Ол Маңғыстау өңіріне 1995 жылы көшіп келген. Ұзақ жылдар бойы әскери салада қызмет еткен. Қазір үш қызы мен бір ұлы бар. Шынар Болаттың айтуынша, ән айту қабілетін оған ата-анасынан дарыған.
Й«Менің репертуарымдағы әндердің көбі кезінде әке-шешем шырқаған әндер. Бала кезімде сабақтан келіп, телевизор қосып отыр едім, Бибігүл Төлегенова ән шырқап жатыр екен. Ол уақытта баламын, әнші апайымызды да дұрыс танымаймын. Сол мезет «Мына апайдың даусын-ай» деп қызығып жатып, ұйықтап кетіппін. Оянсам апамыздың әнін шырқап жатыр екенмін. Міне, содан бері Бибігүл апамыздың әндерін ұнатып, шырқаймын», - дейді ол.
Әнші ең әуелі өз туындыларын инстаграм әлеуметтік желісіне жариялаған. Жарты жылдан бері тик-ток желісінде жеке парақша ашып, ән айтқан видеоларын жүктей бастаған. Соңғы уақыттан бері оқырмандар әншінің өнеріне өз ықыластарын білдіріп, қолдау білдіре бастаған.
Шынар Болат «Қазақстан дауысы» мегажобасының супер финалисті. Сондай-ақ, ол әскери және Ақтау қалалық «Зағиптар қоғамының» ән байқауларына қатысып, жүлде алып жүр.
«1,5 жылдай болды. Жанарым еш себепсіз көрмей қалды. Көпшілік көзіңнің көрмей қалуы кезінде ән айтпай, ішіңде тұншыққан сезімнен әсерінен болуы мүмкін деп жатады. Сол сезім бір жерімнен тесіп шыққан болар. Ән айтпай қалған кезімде қатты қиналатын едім. Жергілікті әншілерді тыңдап, өзімді таба алмай қалатын кезім болды. Жанарыма медицина саласының көмегі болмаған соң, психология саласын оқып, зерттеп жүрмін» - дейді әнші.
Шынар Болат алдағы уақытта өз әндерін халқына арнап, бақытты болғысы келетінін айтады. Әнші қазір Оралдық сазгер Ғұбайдолла Қибашевтің, Ақтаулық сазгерлер Қуат Ахметов пен Махаббат Тұрғалиевтің патриоттық тақырыптағы әндерін орындап жүр.
«Ән өнеріндегі ерекше жақсы көретін әншім — Бибігүл Төлегенова. Бибігүл Төлегенованың деректі фильмдерін зерттеп көрдім. Апамыздың бұрын орындалмаған, сәл үзінділері ғана бар «Әнші бақыты» деген әнін тауып алдым. Әннің авторы — Еркеғали Рахмадиев. Сол әннің сөзі табу үшін, арнайы Алматы қаласындағы 15-інші кітапханаға дейін барып келдім. Бұл әнді Бибігүл апамыздан соң ешкім орындамаған екен. Бұйырса, осы әнді жаңа туындым ретінде жарыққа шығарғады отырмын», - дейді ол.