Маңғыстау облысында мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру деңгейі екі есеге артқан. Бұл туралы Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұқаш Оралбайдың айтуынша өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Аймақта мемлекеттік жастар саясатын дамытуға бағытталған «Маңғыстау – мүмкіндіктер мекені» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2024 жылы 1,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Өткен жылы бұл мақсатқа 596,6 млн теңге қарастырылған болатын. Яғни, биыл мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру деңгейі екі есеге артқан.
- Аталған қаражат есебінен Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, аймақтағы барлық жастар ресурстық орталықтарының жобаларын қаржыландыру көлемін арттыру және материалдық-техникалық базасын жаңарту, Жаңаөзен қаласының жастар ресурстық орталығы базасында коворкингті пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деді Мұқаш Оралбай.
Сондай-ақ биыл басқарма ұсынысымен Маңғыстау облысындағы «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істейтін жастар саны 1460 жастан 2854-ке өсіп, бірыңғай формасын сатып алу үшін қосымша қаражат қарастырылған. Еңбек жасағына өтінім қабылдауды бастау мамыр айының ортасына жоспарланған.
Сонымен қатар биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы тағы да жалғасады. Аталған жоба аясында аймақтың 25 жасы 5 бағыт (IT, ғылым, мәдениет, медиа және бизнес) бойынша инновациялық және әлеуметтік идеясын іске асыру үшін 1 млн. теңге көлемінде грантқа ие болады.
«Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасы да жалғасады. Аталған жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге қарастырылса, келіссөз нәтижесінде қол жеткізген «Отбасы банкі» АҚ тарабынан 500 млн. теңге қарастырылып, жалпы құны 1 млрд. теңгені құрап отыр. Нәтижесінде биыл өңірде кемінде 84 жас баспаналы болады деп жоспарланған. Ал, былтырғы қатысушылар өз баспаналарын осы айдың соңына дейін алады.