Маңғыстау облысында бірқатар ұлт пен ұлыс өкілдері 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін жоғары деңгейде атап өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Соның бірі орыс ұлтының өкілі Кирилл Демченко қоғамдағы мемлекеттік тіл мәртебесі еліміздегі барлық ұлт үшін өзекті екенін атап өтті.
Кирилл Демченко Ақтау қаласының тумасы. Негізгі мамандығы - инженер. Бүгінде ол WestEcoPlast ЖШС кәсіпорынында басшылық қызмет атқарады. Кирилл кез келген тілді жетік меңгеруде қоғамдық ортаның маңызы зор екенін айтады. Кириллдің отбасында қазақ ұлтының тұрмыс-тірлігі мен мәдениетіне айрықша құрмет қалыптасқан. Кирилл Демченконың айтуынша, туған ел мен туған тілге құрмет - егіз ұғым.
- Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елде өмір сүру - мен үшін мақтан тұтарлық дүние. Қазақстанда тұрған соң, қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтеймін. Қазақстан – ортақ Отанымыз! Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Бұл - елдігіміз бен бірлігімізді нығайта түседі. Береке-брлігіміз арта берсін, - деді Кирилл Демченко.