Маңғыстауда «Таза Қазақстан - таза аймақ» республикалық экологиялық акциясы аясында Yessenov колледжі ұжымы сенбілік ұйымдастырды. Іс-шараға оқытушылар мен білім алушылар және колледж қызметкерлері белсене қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, сенбілікке қатысушылар оқу орнының ауласы мен колледж айналасындағы аумақ тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ағаштарға су құйды. «Есенов колледжі» ЖШС басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Сәндігүл Ержанованың айтуынша, көктемгі сенбілік науқаны басталғалы колледж аумағында апта сайын тазалық жұмыстары өткізіледі.
- Сәуір айынан бастау алған «Таза Қазақстан» науқаны аясында кезең-кезеңімен әр аймақ, облыстарда көгалдандыру, тазалық жұмыстары атқарылып жатыр. Осындай тазалық жұмыстарын жүргізу Есенов колледжі ұжымының назарынан тыс қалған емес. Қызметкерлер мен білім алушылар апта сайын тазалық жұмыстарына өз үлесін қосып келеді. Біздің негізгі мақсатымыз - экологиялық мәдениетті қалыптастырып, барша жұртшылықты қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру. Сол үрдіспен бүгін де колледж ұжымы қоқыстан тазарту, ағаш отырғызатын орындарды әзірлеу, сырлау сынды бірлескен жұмыстарды атқарды. Сенбілік белсенді түрде өтті, - деді Сәндігүл Ержанова.
Сондақ-ақ, колледж қызметкерлерінің пікірінше, сенбілік - бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау — әрбір азаматтың басты міндеті.