Қазақстандағы Тайланд, Вьетнам және Индонезия елшіліктері ұйымдастырған азиялық көше тағамдары фестивальі Ақтаудағы TetysBLU саябағында өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тағамдарымен танысу кешінің аяғы "Транскаспий халықаралық" сауда жолы арқылы АСЕАН-ға мүше елдердің тауар алмасу мүмкіндіктерін және оның келешегін талқылауға ұласты.
Екіжақты кездесу барысында облыс әкімдігі Тайланд пен Вьетнамнан Ақтау қаласына тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру турасында ұсыныс жасады.
- Бүгінгі таңда Тайланд пен Вьетнам тарапынан Алматы мен Астанаға әуерейстері жұмыс істеп тұр. Біз Ақтау бағытына жаңа бағыт қосу мүмкіндігі туралы ұсыныс тастадық. Маңғыстау – киелі әрі экологиялық туризм арқылы жергілікті халықтың ұлттық мәдениетімен танысуға болатындай ғажап өлке. АСЕАН мемлекеттері мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық комиссияның қызметі шеңберінде біз туризм саласындағы одан әрі ынтымақтастық жөнінде ұсыныстар енгізе аламыз. Маңғыстау облысының туризм басқармасының басшысы Нұраділ Иманғалиев өлкеміздің көрікті жерлері мен табиғатын көрсетіп, ұлттық тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен және дәстүрлі музыкасымен таныстырды.
Вьетнам елшілігінің өкілі Нгуен Фан Хайдың айтуынша, өз халқы үшін Қазақстан кезіндегі Кеңес Одағының құрамында болған ел ретінде қызықты.
- Вьетнамнан Алматыға тікелей әуе рейсі ашылғаннан соң туристер саны айтарлықтай артты. 2022 жылдың қазан айынан бастап 250 мыңға жуық қазақстандық елімізгеқыдырып келген. Жалпы вьетнамдықтар бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған ел тұрғындарын ерекше ілтипатпен қарсы алады. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы елдерде өмір сүрген, жұмыс істеген көптеген азаматтарымыз бен олардың балалары қайта оралғысы келеді-ақ. Байқағанымдай, сіздердің елдеріңізде де көптеген табиғи тамаша орындар бар екен. Мен Алматыдағы Шарын шатқалы мен Көлсай көліне бардым. Ал Ақтау тәрізді әдемі қалаға бірінші рет келіп тұрмын. Меніңше, вьетнамдықтар Қазақстанға, соның ішінде Ақтауға қуана келеді - деп атап өтті Қазақстандағы Вьетнам Елшілігінің кеңесшісі Нгуен Фан Хай.
Айта кетейік, бұл фестивальді алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылуы мүмкін.