Өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш «Маңғыстау облыстық олимпиадалық резервін даярлау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жаңа басшысы ретінде Бисекенов Манарбек Жұбатқанұлын тағайындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Манарбек Бисекенов 1979 жылы Маңғыстау облысы, Шетпе ауылында дүниеге келген. Ол «Қазақтың спорт және туризм» академиясының дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған. Маңғыстау ауданының құрметті азаматы.
Самбодан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен ҚР спорт шебері, 2019 жылы самбо күресінен спорт шеберлері арасында Әлем чемпионы атанған.
ҚР Самбо федерациясының «Қазақстан Республикасында Самбоның дамуына үлкен үлес қосқаны үшін» орденімен, ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ҚР Дзюдо федерациясының Қазақстан Республикасында дзюдоның дамуына көп үлес қосқаны үшін ІІІ дәрежелі «Дзюдо тарланы» орденімен, Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің «Самбо Саңлағы» төсбелгісімен, сондай-ақ «ҚР құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Манарбек Бисекенов еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау ауданы спорт клубында дзюдо және самбо күресінен бапкер қызметінен бастады.
2007 жылдан 2014 жылға дейін Маңғыстау аудандық спорт мектебінде дзюдо және самбо күресінен бапкер қызметін атқарды.
2014 жылдан бастап 2024 жылдың наурыз айына дейін МО «Жас батыр» мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы қызметін атқарды.
2023 жылы Ақтау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды.
МО «Жас батыр» мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы болып қызмет атқарған жылдары Манарбек Жұбатқанұлы самбодан 5 әлем чемпионын, дзюдо және самбодан 16 Әлем чемпионатының жүлдегерін, дзюдо және самбодан 20 Азия чемпионын, дзюдо және самбодан халықаралық дәрежедегі 8 спорт шеберін, 56 дзюдо, самбо және қазақ күресінен ҚР Спорт шеберін дайындап шығарды. Сондай-ақ, «Жас Батыр» спорт мектебі 9 жылдың ішінде республика бойынша 4 рет, облыс бойынша 6 рет үздік спорт мектебі номинациясына ие болды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш жаңа басшының жоғары деңгейде жұмыс атқаратынына сенім білдіріп, сәттілік тілеп, бірқатар тапсырмаларын берді.