Қазақ қоғамында аналардың орны қашанда ерекше болған. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген дана халқымыз адамзат қоғамының негізгі тірегін осылай бағаласа керек. Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалында көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. «Нұр Отан» партиясы бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» жобасы аясында ашылған жаңа орталық аналар қауымына көрсетілер мемлекеттің көмегін күшейтіп, елдің өркендеуіне өз септігін тигізе түспек.

Cалтанатты жиында Маңғыстау облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев әлеуметтік көмек көрсету орталығының мән­маңызына тоқталды: «Қадірлі ағайын! Бұл бастама – «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігімен бірлесе іске асырылып жатқан жоба. Аналарға, көп балалы әйелдерге қамқорлық, көмек көрсету – өте маңызды іс. Орталықтың есігі аналарға әрқашан ашық. Мұнда әр түрлі психологиялық-­моральдық тренинг­тер өткізіледі, аналарға өз ісін ашуға жәрдем беріледі. Сонымен қатар қазіргі таңда бұл жобаға көптеген әріптестеріміз көмек  көрсетуге дайын. Осы орайда мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық филиалына, ҚР Іс­кер әйелдер қауымдастығының өңірлік филиалына, «Нұр Отан» партиясына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай­-ақ бірқатар заңгерлер мен қоғам белсенділері толықтай осында шоғырланып, жұмыла жұмыс істеуге әзір. Кез келген мәселені бірлесіп шешуге бо­лады. Лайым осы жобамыз жемісті жүзеге асып, сіздермен бірге ұзақ уақыт бірлесіп жұмыстар атқара берейік», – деді басқарма басшысы Е.Күмісқалиев.

Жиынға елордадан ар­найы келген «Нұр Отан» партиясы жа­нындағы балалар құқығын қор­ғау кеңесінің мүшесі Рысты Жұмабекова Маңғыстау өңірінде кәсіпкер әйелдердің көптігіне қуанатынын айтып, әлеуметтік орталық әйелдер қауымының ша­руаларын тіктеп, кәсіп қылуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.

«Құрметті қонақтар! Қасиетті Маңғыстау өңіріне іссапармен келіп, ерекше күй кешіп отырмыз. Облыста іске асып жатқан оңды шаруалар көп екеніне көз жетті. Еліміздің бас партиясы жанынан құрылған балалар құқығын қор­ғау кеңесі ана мен бала мәселе­сіне аса маңыз береді. Еліміздің болашағы – біздің балаларымыз. Осы ұрпақты өсіріп­өндіруде аналардың үлесі орасан зор, Балаларға жол ашып, болашаққа жол көрсетуде аналардың ең­бегі ерекше екенін білесіздер. Қазақстанда әйелдердің қоғам­дағы рөлі айрықша. Осындай маңызды бас қосуда өңірдің іс­кер әйелдерімен жүздесіп отыр­ғаныма қуаныштымын. Барша әйелдер қауымының еңбектері жана берсін, лайықты, саналы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның да­муына үлес қоса берулеріне тілек­теспін. Бұл іс біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын. Кеше ғана осы өлкедегі кәсіпкер әйелдің кәсіпорнында болдым. Әйел адам­ дардың атқарып жатқан үлкен іс­терін көрдім. Мұндай іскер әйел Маңғыстауда аз емес деп білемін. Жаңа орталықтың жұмысы тек Маңғыстау облысында ғана емес, елімізде кең қанат жайсын. Ор­ таларыңыз көбейе берсін, жұ­мыстарыңыз жемісті, табысты болсын. Істеріңізге сәттілік тілей­мін», – деді Рысты Мағауяқызы.

«Ұлттық рух» қоғамдық бір­лестігінің әлеуметтік көмек көр­сету орталығы көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қызмет көрсету мақ­сатында құрылған. Орталық психологиялық, құқықтық, ақпа­раттық қолдау және құзырлы органдардың өкілдерінің қаты­суымен кездесулер мен қабыл­даулар ұйымдастыратын болады. Осы орайда «Ақжүніс» респу­бликалық көп балалы аналар қоғамының Маңғыстаудағы филиал төрайымы Анар Шамшадинова өңірдегі көп балалы отбасыларға қатысты маңызды мәселелерді тілге тиек етті.

«Біз Маңғыстау облысында көп балалы аналармен 2019 жылғы ақпаннан бері жұмыс істеп келе­міз. Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне республикамыздың барлық облыстарынан, «Ақжүніс» қоғамының атынан өңірлерде Ана мен бала орталығын ашу тура­лы ұсыныс берген болатынбыз. Бүгін әлеуметтік көмек көрсету орталығының ашылуы – ана мен балаға жасалған алғашқы қадам. Болашақ Ана мен бала орталы­ғының негізі деп қабылдап тұрмын. Бұл орталықта аналарға әлеуметтік жағынан қолдау көр­сетіледі. Әр түрлі бағытта ана­лардың мәселелерін шешуші орталық боларына сенемін. Өл­ кемізде көп балалы аналарға қатысты бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ішінде ең өзектісі – баспана мәселесі. Осы мәселе бойынша облысы­мызда нақты шешімдер қолға алынуы керек. Көп балалы ана­ларға жатақхана емес, жалдама­лы үйлер салынса дейміз. Бү­гінге дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша бірнеше көпбалалы отбасы үйлі болды. Дегенмен көп отбасы қамтыл­май келеді. Себебі банктердің қояр шарттарына көп балалы ана­лардың жағдайы келмей отыр. Сондықтан облысымызда осын­дай отбасылардың мәселесін ше­шу үшін нақты жұмыстар қолға алынуы тиіс деп ойлаймын. Жаңа орталық осы істерді шешуге негіз, бастау болады деген үміттемін», – деді Анар Шамшадинова.

Осы саланы саралап, зерде­леп жүрген облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Аят Сүгірбаевтың айтуынша, жаңа орталық алты бағытта жұмыстар атқарады. Атап айтар болсақ, психологиялық­-моральдық қолдау, құқықтық, ақпараттық қолдау, қабылдаулар мен кездесулер өткізу, аналити­ка және ұсыныстар жасақтау. Психологиялық-­моральдық қол­дау жұмыстары әр түрлі семи­нар-­тренингтер арқылы сананы сауықтыру, мотивация арқылы позитивті көзқарас қалыптастыру, тұрмыстық тығырықтан шығу жолдарын көрсетумен жүргізіл­се, құқықтық қолдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң нормаларын түсіндіру, әлеу­меттік заң нормалары  бойын­ша кеңес беру арқылы көрсе­тіледі. Ал ақпараттық қолдау жұмыстары мемлекет тарапынан халықтың осал топтарын қол­дауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ақпараттандыру­мен іске асырылмақ.

«Баршаңызды орталықтың жұ­мысын нәтижелі іске асыруға шақырамын. Орталықтың мақса­ты – қоғамда шешімін таппай жүрген мәселелерді шешуге ат­салысу, осы орталыққа келген азаматтардың санасын сауықтыру, оларда позитивті көзқарас қа­лыптастыру, азаматтық белсен­ділігін арттыру. Сондықтан осы бағытта барлығымыз бірге жұмыс істеуге шақырамын. Бізге қолдау білдірген облыс әкімдігіне, баста­маны көтерген қоғамдық кеңеске алғыс айтамыз. Алдағы уақытта жан­жақты жұмыс жүргізіп, ана­ларымыздың, басқа да азамат­тарымыздың мәселелерін шешуге бір кісідей атсалысамыз», – дейді Аят Исатайұлы.

Айта кетсек, қабылдаулар мен кездесулер мемлекеттік органдар­дың және мемлекеттік емес ұйым­дар мен мекеме өкілдерінің, са­рапшылар мен мамандардың, кәсіпкерлер мен қоғам белсенді­лерінің қатысуымен өткізіледі. Аналитикалық жұмыстар әр түр­лі сауалнамалар жүргізу, мәсе­лелерді жинақтау, сараптау, сара­лау арқылы атқарылмақ. Ал ұсыныстар жасақтау туындаған мәселелер бойынша ұсыныстарды орталық және жергілікті атқару­шы органдарға жолдаумен жүзеге асады. Сондай-­ақ әлеуметтік кө­мек көрсету орталығы өз қызме­тін бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы жүргізетін болады.

Жайық НАҒЫМАШ