Өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы республикаға танымал ақын-жазушыларды қабылдады. Кездесу барысында кіл сөз дүлдүлдері айтыс өнері, әдебиет әрі руханият төңірегінде өрелі әңгіме өрбітті. Аузы дуалы ақындар мен қарымды қаламгерлер сәрсенбінің сәтіне жоспарланған айтысқа төрелік етеді. Әділ қазылар алқасы құрамында Смағұл Елубаев, Намазалы Омашев, Әсия Беркенова, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Светқали Нұржан сынды ел зиялылары бар. Облыс әкімінің арнайы шақыртуымен киелі түбекке табан тіреген тұлғалар алда өтетін айтулы іс-шараның мән-маңызына тоқталды. Өз кезегінде өңір басшысы мәдениет пен өнер саласында іске асқалы отырған жаңа жобалар барысымен таныстырды. Жуық арада өңір аумағында руханият мәйегі — мәдени игілік ордалары мен  жаңа мұражай, заман талабына сай ауқымды кітапхана құрылысы қолға алынатындығын да жеткізді.

“Еліміздегі ең басты мереке — Тәуелсіздік күнін тойлауға санаулы күндер қалды. Атаулы дата қарсаңында танымал тұлғалармен кездесу сәті бұйырыпты. Сіз секілді қоғам қайраткерлері егемендігіміздің алғашқы күндерінен бастап Елбасының елдік пен бірлікке бастаған салиқалы саясатын қолдап келеді. Тәуелсіздік сынды қасиетті ұғымды терең түйсініп, оны қастерлеуге, қадірлеуге үндеп, бейбіт өмірді өз туындыларына арқау етуде. Қым-қуыт тірлік арасында уақыт тауып, киелі Маңғыстауға  келгендеріңе зор алғыс білдіремін”, — деді өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы.

Еліміздің әр түкпірінде айтыс өнерін насихаттап, жылдар белдеуінде көмескі тартқан ұлт жәдігерін жаңғырту жолында  күш-жігерін сарп етіп жүрген Жүрсін Ерман алдағы айтыс тартымды әрі терең мазмұнды өтеріне сенім білдірді. Қарымды жазушы Смағұл Елубай Пір Бекет мекен еткен, замана заңғары Әбіш атамыз топырағынан түлеп ұшқан Маңғыстау ұлт руханиятның қайнары екендігін тілге тиек етті. Елге сыйлы, бедел-мәртебесі биік зиялы қауым өкілдері  айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен өткелі жатқан “Рухқа -ұран, ұлтқа — қорған” тақырыбындағы республикалық айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ақын қатысады. Олардың қатарында Мэлс Қосымбаев, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Шалқарбай Ізбасаров, Қазірет Бердіхан, Фархад Мусаев және т.б. сынды суырып салма сөз шеберлері  бар.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ