қан тапсыру дәрігер

Бүлк-бүлк соққан тамыр бойымен тулаған қан – тірлік нәрі. Адам қанының құрамы таза, айналымы жүйелі, қысымы қалыпты болуы – зор денсаулық нышаны. Қазақ халқы дені сау, ауру-сырқаудан ада, сұлу жанға «бетінен қан тамған», «қызыл шырайлы», «бетіне қан жүгірген» сынды сөз тіркестерін қолданады. Бұлай деуінің себебі, қан — тірі ағза тірегі, басты ас-ауқаты. Жалпы медицинада қан қызметі саласы тарихы тереңде жатыр. Бүгінгі таңда Маңғыстаудағы «Облыстық қан орталығын» Рафаэль Сарсамалиев басқарады. Мекеме міндеті – қан мен оның компоненттерін дайындау, зертханалық зерттеу мен талдау жүргізу, медицина ұйымдарына тасымалдау. Денсаулық сақтау саласында отыз жылдан аса еңбек тәжірибесі бар, тісқаққан маман мәліметіне құлақ түрсек.

«Біздің орталық тиісті басқарма арқылы денсаулық сақтау ұйымдарын мемлекеттік тапсырыс аясында қанмен қамтамасыз етеді. Донордан қан қабылдау үрдісіне бірқатар маман қатысады.Тиісті медициналық зерттеуден өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ медициналық мақсатта қан мен оның компоненттерін тапсыруға ерікті түрде ниет білдірген 18 жасқа толған жеке тұлға донор болып табылады. Қан мен оның компонентерін тапсырудың жиілігімен реті бойынша донорлар мынадай санаттарға бөлінеді: алғашқы донор, қайталама донор, тұрақты донор. Тұрақты донорлар қатарына   қанды жылына 3 рет және оданда көп, қан плазмасы мен жасушаларын жылына 12 және оданда көп рет тапсырған адамдар жатады. Қан мен оның компоненттерін тапсыру мынадай түрге бөлінеді: қан донорлығы және плазма, қан жасушалары(тромбоцит) донорлығы. Донациялау уәждемесі бойынша өтеусіз және ақылы негізде жүзеге асырылады. Қан орталығында донорлар жеке басын куәландыратын құжатпен қабылданады.  Донор  тіркеу бөліміне тіркеліп арнайы сауалнаманы толтырады. Қан донорына қажетті барлық мағлұмат жинақталған ақпараттық парақты мұқият оқып шығу қажет. Алдын-ала қан құрамына зертханалық талдау жүргізіледі: қан тобы, резус факторы, қандағы гемоглобин деңгейінің қалыпты болуы талданып, бауыр сараптамасы алынады. Терапевт-дәрігер донорды толықтай тексеруден өткізіп, түрлі ауру-сырқаумен ауыру тарихы турасында әңгіме жүргізеді. Донор дені сау, хал-ахуалы барлық талаптарға сай келетін болса ғана қан тапсырады.  Кез келген адам донор бола алмайды. Өзіндік қатаң талаптары бар. Мәселен, ағзада кездесетін туберкулез, мерез, гепатит сынды түрлі жұқпалы инфекциялар мен қатерлі вирустары бар адамдар донорлықтан шеттетіледі. Сондықтан алынған қан құрамы трансфузиологиялық инфекциялар бөліміне жолданып, жан-жақты диогностикалық зерттеу жүзеге асады»,-дейді Рафаэль Сарсамалиев.

Қан хирургиялық, травматологиялық, гинекологиялық ота кезінде, гематологиялық ауруларға, оқыс апат орын алғанда, қанға зәру науқасқа құйылады. Дегенмен, кей кезде  халық арасында қан сапасы мен құрамынан қауіптеніп, зарарсыздығына  күмәнденіп жататын жайттар да кездеседі. Қазіргі таңда қан құрамына талдау өте жоғары деңгейде өткізіледі. Облыстық қан орталығы  қазіргі заманға сай жоғарғы технологиялық құралдармен жабдықталған. Сондықтан қан қызметі мамандарына толықтай сенім артуға болады. Атап өткендей қауіпті инфекция анықталған жағдайда қан жарамсыз болып қалады. Сонымен қоса қан тапсырар алдында донор бірнеше жайтты қатаң еске ұстауы тиіс. Яғни қан тапсырардан бір күн бұрын майлы, ащы, қақталған тағамдардан бас тартып, арақ-шарап, темекі өнімдерінен аулақ болғаны жөн. Әрі қан ұюына себеп болатын дәрі-дәрмектерді қолданбауы қажет. Егер адам беймаза күй кешіп, әлсіздікті сезінсе, қан тапсыруға тиым салынады. Әрі донор бұл процедура алдында әлденіп алуы қажет.

Қан беру науқасқа жаңа өмір сыйлаумен тең. Дәрмені құрып, әл үстінде жатқан жанға көмек қолын созу — ең қайырымды іс.  Адам ағзасында 5 литрге жуық қан бар. 350-450 мл қан тапсыру ағзаға ешқандай зиян тигізбейді. Керісінше пайдасы өте зор. Қанды ұдайы тапсыратын жандар жүрек-қан тамырлары ауруларымен сирек ауырады екен. Сондай-ақ қан тапсыру иммундық және ас қорыту жүйелерінің жұмысын жақсартып, ұйқы безі және бауыр аурулары мен атеросклероздың алдын алу  үшін қажет. Қан тапсырған  кезде жаңа қан жасушалары түзіліп, 60 күн ішінде қалпына қайта келеді.

Донорларға қатысты абсолютті және салыстырмалы медициналық қарсы көрсетілімдер өте көп. Сондықтан терапевт-дәрігердің рөлі өте маңызды. Рафаэль Сарсамалиев сөзіне сүйенсек,  қан тапсыратындардың басым бөлігі ерікті өтеусіз донорлар, ал ақылы донорлар қан тобы сирек кездесетін жандар екен.

«Қан төрт топқа бөлінеді. Қазіргі таңда әлемде қаны  4-ші топқа жататын  жандар үлесі өте аз. Әсіресе, резус факторы «теріс», қанның 4- ші тобы тапшы. Орталықта қан тобы сирек донорлар тіркеуде тұрады. Егер олар қанды ақылы тапсыруға ниет танытса, ақысы төленеді. Мәселен, 450 мл қан тапсырса 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қаржы төленеді. Өтеусіз кан доноры болған адамға заң жүзінде  еңбекақысы сақталатын екі күн демалыс беріледі. Донор қаны жарамсыз деп танылса, белгілі бір сағатқа жұмыстан босату туралы анықтама жазылады»,-дейді бас маман.

Өңір халқы қан тапсыруда аса белсенді. Орталықта бір күнде 20-30-ға жуық адам қан тапсырады. Яғни, орталық денсаулық  сақтау ұйымдарының сұранысын толықтай өтеп отыр.

«Қан донорлары жеткілікті. Қанды үздіксіз қабылдай беру де тиімсіз. Себебі, қанның өзіндік жарамдылық уақыты бар. 35 күннен кейін қан  құрамы өткізу мен өңдеуге жарамсыз күйге түседі. Сол себепті күнделікті талдау  әрі есеп жүргіземіз. Қай топтан қандай мөлшерде қан қажеттігі туралы ақпарат алынып, сол жоспар негізінде жұмыс жасаймыз. Қажет кезде  донорларды шұғыл шақырып алып, кесте бойынша бірлесе жұмыс жасаймыз», — дейді Рафаэль Сарсамалиев.

Облыстық қан орталығында қазіргі таңда барлық заман талабына сай қан тапсыру үрдісін оңайлату әрі жеделдету мақсатында жаңа аппараттар сатып алынып, қолданысқа енгізілуде.

«Алдағы уақытта бірқатар медициналық жабдықтарды жаңарту  жоспарланып отыр. Мәселен, қан компоненттерін сақтауға арналған медициналық тоңазытқыштар, қандағы АЛТ, АСТ мөлшерін тез анықтауға арналған биохимиялық талдаулар жүргізетін зерханалық жабдықтар алу көзделіп отыр. Гемакондар, яғни залалсаздандырылған қан қапшықтарының құны өте қымбат, сондықтан алдын-ала әрі жедел қан талдамасын жүргізу гемакондарға жұмсалатын шығын көлемін азайтады», — дейді орталық басшысы.

Орталықта қан қызметі мамандарына сұраныс бар. Себебі трансфузиолог-мамандар, терапевтер мен лаборанттар тапшы. Дегенмен қан орталығы бүгінгі қызметкерлер құрамымен де толыққанды, жоспарға сәйкес қызмет көрсетуде.

«Орталықта қызмет ететін кәсіби мамандардың  басым бөлігі тәжірибесі зор, білікті дәрігерлер. Қан алу, компоненттерін даярлау, талдау жүргізу жауапкершілігі зор жұмыс. Себебі науқас өмірі мен денсаулығына  құйылатын қанның сапасы мен құрамы өз әсерін тигізеді. Сондықтан зертханашы-мамандар, терапевтер, трансфузиологтар өз ісіне өте мұқият, тиянақты болуы тиіс. Сонымен қоса біз сараптамалар мен талдау нәтижелеріне және қызмет сапасына бақылау жүргізіп отырамыз. Орталықта арнайы сапаны бақылау бөлімшесі қызмет етуде» — дейді Рафаэль Сарсамалиев.

Айта кетер маңызды жайт «Облыстық қан орталығы» өңір халқына түрлі ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын тұрақты ұйымдастырады. Жастар мен жасөсіпірімдерге бірқатар акциялар аясында донор болу, ақысыз қан тапсыру, пайдасы мен ерекшеліктері туралы мағлұмат беріліп, ақпараттық парақшалар таратылады.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

4 ПІКІРЛЕР

    • Саламатсыз ба. Ақтауда облыстық қан орталығы бар. 34 шағынауданда орналасқан. Телефоны: 40-32-78