ту рәміз

Менің Қазақстанымның аспаны көк
Көк тәңірінің құдіретінен жаралған,
Көк күмбезінде,көк байрақ тіккен қазағым-
Көкбөрі текті, түбім түркіден таралған…

Мәңгі жасаудың нышаны болса көк түстер
Көк байрақты елім – Мәңгілік ел боп саналған!
Бөрілі байрағым аспанмен тұрсын, астасып,
Мәңгілік елімді сақтасын, ием назардан!

Менің Қазақстанымның аспаны ашық
Еркіндік қыраны самғаған.
Ұлы даламның ұл – қызы берен,
Ұлтымның рухы маздаған.

Ұлан байтақ ел – Тәуелсіз Қазақстанның
Ұлы жеңісін ұзақ күтсе де,
Көре алмай кетті–ау , Әз – бабам!
Менің Қазақстанымның аспаны биік,

Күні күліп тұр , алтыннан.
Сарарқа тола сап – сары бидай алтын дән.
Батысы – байлық, мұнайдан теңіз шалқыған,
Досың сүйініп , дұшпан күйсін, даңқыңнан,

Ұлық ұл туған, Елбасы сынды нартұлға,
Айналып кетейін, қазақтай ұлы халқымнан!
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, тәу етер,
Садағаң кетейін, сарбазың болып, нар туған!

                                          Шынар КЕНДІН