Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің сахнасында алғаш рет Ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен «Қыз Жібек» операсы Маңғыстау жұртшылығына ұсынылды. Ұлтымыздың музыка өнерінің інжуі  атанған шығарманы көруге халық көп жиналды. 1,5 сағат жанды дауыста орындалған опера көпшіліктің көңілінен шықты. Аудандардан келген құрметті қонақтар шығармашылық топтың жұмысына жоғары бағасын берді.

Осыдан 85 жыл бұрын тұңғыш жарыққа шыққан «Қыз Жібек» операсы бірден ұлттық музыкалық өнердің інжуі атанған-ды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ескі дүниені жаңғырту бағытында қазақ фольклорының классикасы саналатын операны алғаш рет Маңғыстауда сахналау идеясын Абай атындағы мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Маргарита Омарова ұсынған болатын.

— Бастаманы жүзеге асыру Ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі Жақсылық Нұрхожаевқа ұсынылды, — дейді М.Омарова. — «Жастар жылы» және Абай атындағы МДК 45 жылдығына арнап ерекше тосын сый әзірлеу мақсатында  осынау  үлкен жоба  ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап қолға алынған еді. Ал оны жүзеге асырып, жоғары деңгейде орындап шығу үшін Н.Жантөрин атындағы облыстық драма-театрының әртістері, Маңғыстау өнер колледжінің студентер хоры, кешеннің шығармашылық ұжымдары ат салысып, бірлесіп үлкен жұмыс атқарды. Спектакльдің қоюшы режиссері ретінде Н.Жантөрин атындағы облыстық драма-театрының  актері Айбек Иманқұлов шақырылды. Ол осынау ерекше ұсынысты қуана қабылдап, қолдау көрсетті. Ал екінші режиссер ретінде көмек көрсету Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің бас режиссері Зейнаб Зиятоваға тапсырылды. Қойылымды музыкамен әрлеген ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі әрі дирижері Жақсылық Нұрхожаев. Дайындық жұмыстары жаз бойы жүргізілді. Алдымен музыкалық портитуралар жазылып, жеке әншілерді тағайындау жұмыстары жүргізілді. Одан кейін әншілер  оркестрдің сүйемелдеуімен партияларды орындап жаттықты. Би қойылымдары пысықталды. Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің сахнасы қойылымға арнайы әзірленді, нағыз операдағыдай оркестрлік шұқыр дайындалды. Жарық, жанды дауыстағы музыка — барлығы жоғары үйлесімде жасалған.

Оқи отырыңыз: Ақтауда ақынға арналған кеш өтті

Жібек пен Төлегеннің қайғылы махаббаты суреттелген операның либреттосын драматург-жазушы Ғабит Мүсірепов, ал музыкасын Евгений Брусиловский жазған. Туынды алғаш рет дүйім жұрттың назарына 1934 жылы ұсынылды. Содан бері оны елімізге танымал әртістер сомдап келеді. Ал бүгінде Маңғыстаудағы алғашқы премьерасында Төлегенді ұлт-аспаптар оркестрінің әншісі Жасұлан Таласбеков, Бекежанды ұлт-аспаптар оркестрінің әншісі Ғабит Берғамбет, ал Жібектің партиясын  облыстық музыкалық-драма театрының актрисасы Мөлдір Зікірбай сомдап шықты.

Әрине, қатысушылардың барлығы кәсіби опера әншілері емес, соған қарамастан, тыңғылықты дайындықтың арқасында жоғары деңгейде алып шықты.

Сонымен қатар,  облыстық филармония әншісі Екпін Толқынхан, облыстық музыкалық-драма теарының актерлері Жансая Аббас және Ратбек Абзал, ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашысы Айсұлу Атабаева, «Өркен» жастар театрының шәкірттері Жанель Маратқызы және Сара Солтанбек, «Маэстоза» классикалық вокал ұжымы, (жетекшісі Айман Берікбаева) өз рөлдерін керемет алып шықты. Маңғыстау өнер колледжінің студентер хорының жетекшісі Анаргүл Сарғожаеваны, би қойылымдарын  әзірлеген, үлгілі би ұжымдары «Настроение» (хореографы Зейнаб Зиятова), «Ақкербез» (хореографы Әлия Ербозова), халықтық ұжым «Аққу» би ансамблін және үлгілі «Колибри» сән театрын (хореографы Дияна Уликова) атамай кету мүмкін емес, деген Маргарита Омарова Алтын қордағы асыл мұраға жататын туындыны сахналауға ат салысқан облыстық музыкалық-драма театрының әртістеріне, кешеннің шығармашылық топтарына, Маңғыстау өнер колледжінің студентер хорына және шығармаға жан бітіріп, үн қосқан ұлт-аспаптар оркестріне алғыс айтты.

   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА