Елбасының төрағалығымен өткен аймақтық филиал өкілдерімен кездесуінің қорытындысы бойынша және Тұңғыш Президенті күніне орай партия активінің жиналысы болды. «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Серікбай Трұмовтың төрағалығымен өткен басқосуда өңір басшысы Н.Назарбаевтың партияның аймақтық филиалдар өкілдерімен кездесуі жайында әңгімеледі.

— Кездесуде партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және партия филиалдарының өкілдері баяндама жасады, — деді Серікбай Өтелгенұлы. Баяндамашыларды тыңдаған соң Елбасы «Nur Otan» партиясының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан барлық мүшелерінің еңбегін атап өтті. Біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстары туралы айтып, елдің барлық жетістіктері партиямен тығыз байланысты екенін атап өтті. Екіншіден, «Nur Otan» партиясының Төрағасы әр облыста, қалада және ауданда сайлауалды бағдарламаларын дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Келесі жылы өңірлерді дамытудың бес жылдық бағдарламаларын іске асыру аяқталды. Жаңа бағдарламаларды қабылдау қажеттілігі жаңа электоралдық кезеңге сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл бағдарламалар әр өңір бойынша мәслихат сайлауында партияның сайлауалды бағдарламасының негізіне айналуы тиіс. Кездесу барысында Елбасы белсенді мүшелерді «Nur Otan» партиясының дамуына қосқан үлесі үшін «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапаттады. Біздің өңірден партияның Маңғыстау ауданы төрағасының бірінші орынбасары Айбарша Асамадинқызы марапатталды.

Сөз кезегін алған «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов Елбасы Н.Назарбаевтың саяси бағыт-бағдар сабақтастығын сақтау үшін, қол жеткен табыстарымызды еселеу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтасып, алға қойған міндеттерін мүлтіксіз орындауды тапсырғанын жеткізді.

— Елбасымыздың Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауда, жас мемлекетімізді жаһанға танытуда және болашаққа бағыт-бағдар беруде еңбегі ұшан-теңіз, — деді ол. — Елбасы партияның аймақтық филиалдары өкілдерімен басқосуында да ел дамуына қатысты саяси ұйымның есебін тыңдап, алдағы міндеттерді айқындап берді. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстары туралы айтып, елдің барлық жетістіктері партиямен және партия мүшелерінің күнделікті жұмысымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Бүгінгі облыстық партия активінің мақсаты да жергілікті жерлерде партия органдарының жұмысын күшейту мен партияның ел өңірлеріндегі біріктіруші рөлін арттыру бойынша жұмыстардың негізгі бағыттарын талқылауға арналып отыр. Өйткені біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз бастан өткізген қиындықтардан сабақ алдық. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде құлдыраған экономика мен артта қалған технология, жалпы ішкі өнімнің құлдырауы орын алған болатын. Сол жылдары мектептердің тек 30%-ы қазақ тілінде сабақ жүргізді. Орташа өмір сүру ұзақтығы бес жылға төмендеп, 67 жасқа дейін қысқарды, туу күрт төмендеді. Халық 1999 жылы 14 миллион адамға дейін азайды. Құлдырау кезеңінде көлік жүйесі де зардап шеккен болатын. Бірыңғай көлік жүйесі–темір жол және әуе жүйесі үзілді. Ел теңізге шыға алмады және алыс шетелдермен сәтті сауда жасай алмады. Қазақстан экологиялық апат шегінде болды. Семей полигоны құрылғаннан бері 500-ден астам жерасты және жерүсті жарылыстары жүргізілді. Бұл жарылыстардың салдары мыңдаған адамдардың денсаулығына әсер етті. Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстан полигоны жабылды. Ядролық қару сақталған жағдайда Қазақстан шеттетілген мемлекетке айналар еді және біздің туристеріміз шетелелдерге визасыз бара алмаған болар еді. Арал теңізін құтқару бойынша теңдессіз шаралар қабылданды. Су көлемі артып, бөгеттер мен басқа да инженерлік  құрылыстар салынды. Қазақстан шағын Аралды қалпына келтірді. Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алуында көптеген шетелдік сарапшылар жергілікті биліктің өзін-өзі қамтамасыз етуінде салмақты саясат жүргізе алуына күмәнданды. Соның ішінде, Қазақстанға моноэтниканың болмауынан азаматтық соғыс болуын болжаған еді. Бұл, әсіресе, көрші елдердегі этносаралық қақтығыстар аясында өзекті болды. Елбасы 90- жылдардағы ауыр жағдайларда елдің болашағына деген сенімін сақтап қалды. Қазақ халқы туралы ешкімнің түсінігі болмады. Біздің шекараларымыз бекітілмеген еді. Инвесторлар ақша салудан, елге келуден бас тартты. Шекараларды демаркациялау көрші елдермен барлық мәселелерді шешіп, мемлекеттердің өзара қарым-қатынастарын нығайтты. Шет елдермен ынтымақтастық жолға қойылды. Мұндай күрделі жағдайларда ең бастысы—ел тәуелсіздігі сақталып, мемлекеттілік нығайтылды. Қазір елімізде этносаралық келісімнің бірегей үлгісі орныққан. Елде 130-дан астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Елімізге 1 миллионнан астам этникалық қазақ оралды. Қазір паспорттар индексінде Қазақстан әлемнің 76 еліне визасыз кіру арқылы 67-орында тұр. Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы саясатын жүргізу Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға және елдің танымалдығын арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде ел халқының саны 18 миллион адамнан асты. Орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасты құрайды. Халықтың 70%-ы қазақтар және республикадағы мектептердің 70%-ы мемлекеттік тілде білім береді. 2019 жылға қарай 12 мың км автожол салынды және қайта жаңартылды, 2,5 мың км темір жол салынды. «Нұрлыжол» бағдарламасының «Бір белдеу, біржол» бастамасы Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндікберді. Енді Қытайдан Еуропаға жүктерді Қазақстан арқылы жеткізу теңіз жолымен жеткізуге қарағанда 4 есе аз уақытты алады. Транзиттен түскен табыс 1,5 миллиард долларға жетті. «Қазақстан-2050» стратегиясының еліміздің алдағы онжылдықтағы даму жолын білдіретін маңыздылығын, дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын үнемі атап өту қажет. Бұл құжат үлкен әлеуетке ие. Баршамыз осы стратегиялық мақсатқа бағыт-бағдар ұстауымыз керек, өйткені ол еліміздің болашағы, Үкіметтің қандай шаралар қолданатыны жөніндегі сұрақтарға нақты жауаптар береді.  Үкімет 2026 жылға дейін ауылдарды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық қаражат қарастырған. Алдағы үш жылда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 560 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Алдағы екі жылда «Еңбек» бағдарламасымен 1,5 миллиондай адам жұмыспен қамтылып, 750 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болды. Халықтың басты мәселесі баспанамен қамтуға келсек 2020-2025 жылдары 1 миллионға жуық пәтер салыну жоспарлануда. Өңірлерді, әсіресе, ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бағдарламалардың игілігін біздің өңірдің тұрғындары да көретін болады. Аймақ өкілдерімен кездесу барысында Елбасы сапалы партиялық тізім қалыптастыру үшін ішкі партиялық ашық іріктеу жүргізудің маңыздылығын айтты. Бүкіл әлемде жетекші саяси күштер ашық партияішілік іріктеу–праймеризді қолданатындығы белгілі. Елбасы мәслихаттардағы сайлауалды партиялық тізімдерге кемінде 30% әйелдер және 20% 35 жасқа дейінгі жастарды тартуды ұсынды. Партия Төрағасының тапсырмасына орай, тізімге халықтың түрлі әлеуметтік топтарының өкілдері, елге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуіне басты назар аударылатын болады. Осыған байланысты өткізілген праймериздер партиялық кадрлық резервтің қазіргі құрамын қайта қарау қажеттілігін көрсетті. Партияның орталық аппараты осы тәжірибенің негізінде партияішілік іріктеуді өткізу регламентін әзірлеп, бекітеді.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда жыл басынан бері 1 239 адам қызылшамен тіркеуге алынған

Жиналыста сөйлеген «Nur Otan» партиясы облыстық мәслихат хатшысы Нұри Тумышев, облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Жаңбырбай Дәрменов және «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Бағдат Қуандық өз ойларымен бөлісті.

Басқосуда Тұңғыш Президент күніне орай өңіріміздің қоғамдық саяси өміріне белсене қатысып келе жатқан партия ардагерлеріне Алғыс хаттар тапсырылып, Республикалық «Үздік бастауыш партия ұйымы» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарды марапатталды. Сондай-ақ Тұңғыш Президент күні аясында «Nur Otan» партиясы қатарына жаңа мүшелер қабылданды.

Жиналғандарды мерекемен құттықтаған С.Трұмов Елбасының өзі барлық деңгейдегі әкімдердің және мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейтуге тапсырма бергенін атап өтіп, алда тұрған басты міндеттердің нақты орындалуын тапсырды.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕОВ