зейнет

Таяуда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Әбсаттаровтың қатысуымен 2018 жылғы зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету туралы заңнамадағы өзгерістер бойынша жиналыс өтті. Оған қала зейнеткерлері қатысып, көкейіндегі сауалдарына жауап алды.

Алғашқы сөз тізгінін алған Қайрат Әбсаттаров жиналыс қатысушыларын зейнетақы жүйесімен етене таныстырып, заңнамадағы жаңа өзгерістер мен жағымды жаңалықтарға тоқталды.

«Зейнетақы жүйесі үш деңгейден құралады:

Біріншісі   –   базалық зейнетақы. Бұл – зейнет жасына жеткен барша қазақстандықтарға еңбек өтілі бар не жоғына қарамай берілетін ортақ зейнетақы. Бүгінде базалық зейнетақының көлемі – 15274 теңге. Бұл ақша барлық қазақстандықтар үшін бірдей төленеді.

Екінші деңгей – еңбек өтіліне байланысты берілетін зейнетақы. Онда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ескеріліп, қанша жыл жұмыс істегені есептеліп, ақша беріледі.

Соңғы деңгей – әрбір жұмыс істеген азаматтың ай сайынғы табысынан жинақтаушы қорға аударылатын төлеміне байланысты берілетін зейнетақы.

Зейнет жасына жеткен қарияларымыз бүгінгі күнге дейін осы жүйе бойынша ақша алып  тұрды.  Енді ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептелетін болады. Еңбек өтілі 10–33 жыл аралығында болса, зейнетақы көлемі өседі. Еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жыл үшін 2% үстеме қосылады. Яғни адам неғұрлым көп жұмыс істеген болса, оған төленетін базалық зейнетақы да көбірек болады. Мәселен, 33 жыл және одан  көп еңбек  өтілі бар жандар 1 шілдеден бастап 15274 теңге емес, ең жоғарғы көрсеткіш 28284 теңге алатын болады. Ал одан төмен еңбек өтілі бар зейнеткерлердің зейнетақысы сәйкесінше одан төмен. Өзгерістерге байланысты зейнеткерлерге ешқандай құжаттар жинап, әкелудің қажеті жоқ. Барлық құжаттарды өздеріміз дайындаймыз. Жаңа базалық зейнетақы бойынша сауалдарыңыз болса, біздің бөлімшелерге келіп, кеңес алуыңызға әбден болады», – дейді Қ.Әбсаттаров.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда 4 күнде 113 шетелдік елден шығарылды

Оның сөзінше, сондай-ақ 1 шілдеден бастап бала кезінен 1-топтағы, кәмелет жасына толған мүгедектерге күтім жасап отырған жандарға мемлекеттен жәрдемақы төленеді.

«ҚР Президентінің  қолдауымен бала кезінен 1-топтағы мүгедектерді тәрбиелеп, күтімін жасап отырған адамдар өмір бойы жәрдемақы алуға құқылы. Бұл – мемлекеттің 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға, олардың ата-аналарына, асыраушыларына жасалған қамқорлығы», – деп сөзін түйіндеді Қайрат Бектайұлы.

Жиын соңында зейнеткерлер балалар жәрдемақысы, төленер ақшаның көлемі, еңбек өтілінің есептелуі және т.б. өзекті сауалдарды қойып, толыққанды жауаптар алды. Барлық қатысушыларға заңнамадағы өзгерістер жайында толық ақпарат берер жаднамалар таратылды.

Ханым ҚУАТ