Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов облыс орталығындағы Достық үйінде болған өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағаларымен кездесті.

— Бүгін мен осындай әдемі ғимаратта сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Мұндай керемет ғимаратта жұмыс жасау – сіздер үшін де, біздер үшін де үлкен мәртебе. Осы уақытқа дейін еліміздің барлық өңіріндегі Достық үйлерін аралап, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің ұсыныстарын, идеяларын тыңдадым. Әрине, бүгінгі кездесу ресми емес, жәй еркін форматтағы кездесу. Сондықтан бүгінгі басқосуда сіздердің Ассамблеяны дамыту мақсатында айтатын ұсыныстарыңызды, жаңа идеяларыңызды, тіпті үлкен ауқымды жобаларыңыз болса, мүмкін жұмыс барысында туындап, шешімін таба алмай жүрген мәселелер болса да тыңдауға дайынмын. Алдағы уақытта сіздердің сол ұсыныстарыңыз бен кеңестеріңіз Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жандандыруға көмектеседі деген үміттемін, — деді жүздесуде сөйлеген Шерзод Аббозович.

Сондай-ақ ол келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай  ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ат салысу керектігін қаперге берді.

Кездесу барысында ҚХА қызметі мен алдағы жоспарлар туралы мәселелер талқыланып, этномәдени бірлестіктер төрағалары тарапынан ұсыныстар айтылып, кеңестер берілді. Ашық-жарқын әңгіме өрбіген басқосуда Ш.Пулатов пен этномәдени бірлестіктер төрағалары арасында конструктивті қарым-қатынас орнағандай болды.

Облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Аманкүл Жайылханова ҚХА төрағасының орынбасарын былтыр пайдалануға берілген жаңа Достық үйінің үш қабатын да, концерт залын, конференц-залды, кинозалды, асхана, көрме залын аралап, таныстырды. Ал Ш.Пулатов ауқымды жұмыстарға мұрындық болып жүрген ұйымдастырушылар мен этномәдени бірлестіктер төрағаларына ризашылығын білдірді.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА