ескерткіш
Көрнекі сурет сайт архивінен

Тас дегенім тас емес, шежірем-ді,

Шежіремнің талайды көзі көрді.

Ашық аспан астында галерея

Галерея сөз алшы, өзің енді.

Есенғали Раушанов

«Шебердің қолы ортақ, өнердің тілі ортақ» дейді халық. Cан ғасырлар сынынан өтіп, шираған, қазақ халқының табиғи дарыны­мен өзектес, сондай-ақ халық өмірімен, тұр­мы­сымен бірге өсіп,  біте қайнасып келген сәу­лет өнерінің әсем үлгін ұсқалары, өнер байлығы біздің мақтанышымыз деп айта аламыз. Қай өлкеде болсын қазақ зираты құрылысы мен архитектуралық үлгілері өзінше бір қайталанбас құбылыс. Ертедегі тас шеберлерінің іске асқан қиялдарының ең тартымды нысаны құлпытастар, қой­тастар, күмбезтам, сағанатамдар болды деп айта аламыз. Тастан өрнек салған қазақтың хас шеберлерінің мұндай туындыларында көне дәуірлердің ізі анық байқалады. Шеберлер өз ісінде келесі бір қайталауға бой алдырмаған, сол себепті әрбір діни-ғұрыптық кешен Маңғыстаудың тарихы мен мәде­ние­тінің бірегей туындысы.

Бұл өлкеде сондай-ақ еліміздегі ежелгі сәулет ескерткіштерінің ең үздік туындылары сақталған. Сыры кетсе де сыны кетпеген, көрерге көз керек тастан түйін түйген Маң­ғыстау шеберлерінің қолынан шыққан туындылар қаншама… Олардың бір қатары: Бе­сімбай мен Қамысбай қорымдарындағы күмбез­ тамдар, Омар-Тұр, Уәлі, Тәжіке, До­рал-Құлшық, Алданазар күмбезтамдары т.б. әрқайсысы қайталанбас, айшықты өнер туындысы. Маңғыстауда сәулет өнерінің халықтық мектептері қалыптасқан. Қырым­құлауылының шеберлері  – Өмір мен Темір, Өмір ұлдары Назар, Базар, Нұрпеке, Әмір ұлдары Беркен, Шәдіман, Бекжанұлы Қази, Әлмен Бердиев сияқты атақты шеберлер өлке жерінде таңдай қақтырар талай-талай қойтас, құлпытас, күмбезтамдар мен саған­а­тамдар салған. ХІХ-ХХ ғасырдың бастап­қы кезеңдерінен бері қарай сәулет өнері ес­керткішінің негізін қалаушы Жылқыбай Дораұлы, Есентемір Дүтбай, Кедей Қапаш, Шаншар Енсиев т.б.

Солардың бірегейі, шебер-сәулетші Өмір Қараұлы. Бұл – Қырымқұл ауылының атадан балаға жалғасқан ақындық, діни сауаттылық, билік ұстау сияқты асыл қасиетттерінің ішіндегі шоқтығы биігі. Бұл ауылда Берді балалары тас кесіп, там салады.

Өмірдің баласы Назардың салған тамдары Маңғыстаудың әр түкпірінде кездеседі. Көпшілігінің міні құрымаған. Олар туралы тұңғыш рет М.Меңдіқұлов 1956 жылы «Памятники народной архитектуры полуострова Мангышлак и Западного Устюрта» деген кітабында жазды. Бұл кезде Назар да, басқа да сәулетшілер тірі болатын. Әкелі-балалы сәулетшілердің қолынан шыққан сәулет ескерткіштері толық анықталып, классификация  жасалмаған. Бұл мақсатта Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қыз­мет­керлері жұмыстанып келеді. Солар­дың көмегімен және ел аузындағы, ұрпақтары­ның ауызша деректерін қорыта келе, ше­берлердің салған ескерткіштерінің бір сыпырасын анықтауға мүмкіндік алдық.

Тәжі (Тәжіке) сұлудың күмбезтамы. Тәжісұ­лудың күмбезтамы орналасқан Ақүйікқо­рымы Маңғыстау ауданының орталығы Шет­пе селосынан  17 шақырым шығыс ба­ғытта орын тепкен. «Тәжісұлу – руы қаржау Бүркіттің қызы,  байпақ Есенұлы Оразалы­ның әйелі екен. Тәжінің қасында Оразалыдан туған Мақаш жерленген» деп көрсетеді Өмір­дің ұрпақтары.

Өлкетанушы І.Шыртанов «Коммунистік жол»  газетіндегі «Ескерткіш жайлы бір әң­гіме» атты мақаласында Алшын, Алхам ше­жірешілердің әңгімесіне сүйеніп, «ескерт­кіштің шығыс бетін – тоқтамыс Өмірбай, батыс бетін – қырымқұл Өмір қалады, еңбегіне алты қара алды» деп жазады.  Сөзіне дәлел ретінде, ескерткіштің батыс бетіндегі қабыр­ғада жазылған:

«Өмірбай, Өмірменен шеберлерің,

Таңқалтты ою-өрнек, бедерлерің.

Жазы ыстық, күзі суық болсадағы

Алаштан асып түсті өнерлерің» — деген бір шумақ өлеңді алға тартады.

Бұл – өлең халықтың шеберлерге риза­шылығының дәлелі. Оны екінші тұл­ғаның атынан Өмірдің өзі де жазуы мүмкін.

Тәжі (Тәжіке) сұлу күмбезтамы жоспарда төрт бұрышты, қабырғалары үш қабатты, екі жағынан ақ бор тастармен қиылып, қапта­лып, ортасы саз балшық араласқан шой тастармен толтырылған. Алдыңғы беті қал­ған жақтарына қарағанда биіктеу, осы бетінде есік ретінде төрт бұрышты ойық ойылған.

1979 жылдың 24 мамырында ескерткіш­­­ке зерттеу жүргізген сәулетші-реставратор М.Нұр­қабаев «Фасадтары таза тондағы майлы бояулармен сырланған. Бояулары оңып кеткен. Орнаменттік жазба контурлық сызба әдісімен орындалған. Қабырғаларында киім-кешек, тұрмыстық заттардың және мешіттің суреті бар. Интерьердегі бояулар жақсы сақталған, олар негізінен қызыл, сары, көк және жасыл бояулар» деп көрсетеді.

Сонымен қатар Қырымқұл шеберлерінің туындылары мұнымен шектелмейді, олар­дың қатарына:

  • Алданазар қорымындағы Алданазар күм­безтамы (Өмір Қараұлы салған)
  • Әлібай (Қалнияз) қорымындағы Таңатар Бәтікен сағанатамы (Назар Өмірұлы салған)
  • Бекі қорымындағы Мақат күмбезтамы (Базар мен Назар салған)
  • Қараманата қорымын­дағы Сүгірәлі Шойынбай күм­без­тамы (Темір мен Өмір салған)
  • Жандайдағы руы күмісбай Біләл болысқа арналған күмбезтам (Өмір салған)

Шеберлердің қолынан шық­­­қан сәулет ескерткіш­тердің бас-аяғы бұл емес. Олар­ды анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жүргізіле бермек.

Тас шебері Әлмен Бердиев 1888 жылы Маңғыстау облысы, Шетпе ауылында дүниеге келген. Әлмен – нағыз тасшеберінің иесі. Қойтас, құл­пытас пен бестастарды жа­саған. Оның өзгелерден ерек­­шеленуі тастарды тал­ғаммен таңдап, Қосқат, Атжол, Үштоған жерлерінің тас­­тарынан алатын, қайта­ланбас елден ерекше оюлары мен таңбалардан жасап шығаруы тапқыр таланты­ғынан. Ел ішінде «Шебер Әл­мен» аталып кеткен, ше­бердің қолы­нан шыққан туындылар Қара­шажы қорымы, Ербосан қо­рымы, Есалы қо­рымы, Жандай қорымы және Сонабай қорымдарында кездеседі:

  • Сонабай қорымындағы руы Қосай-Сү­йіндік Төлеуов Хамит Ожанұлының басына құлпытас қойған;
  • Сонабай қорымындағы руы Бәйімбет-әтен­бек Өтебердиев Жұбанның басына құлпытас қойған және кереге тамын салған;
  • Жандай қорымындағы руы Бәйімбет-Байбоз Асарбай Жуасұлының басына бестас пен құлпытас қойған;
  • Ербосан қорымындағы руы Бәйімбет Қырым­құл Сақауов Айтмағанбеттің басына құлпытас қойған;

Бұл ескерткіштердің қатары қазіргі таң­дағы зерттеліп сіздерге айтылған легі ғана, яғни Маңғыстау шеберлерінің туындысы әлі де болса зерттеліп, зерделенуде, және олар салып қалдырған ескерткіштердің шегі таусылмас…

Сондай-ақ тарихын тасқа қашаған ше­берлердің қолынан шыққан туындылар тек өлкеде ғана емес, ұланбайтақ қазақ даласында да кездесіп,  өздерінің айрықша біріне-бірі ұқсамайтын ерекше күмбезтамдарға архитектуралық төгілте салған өрнегі,  өл­ке­мізде күні бүгінге дейін ежелгі сән-сал­та­натын жоғалтпай келіп жеткен саған­а там­дары, қазақ жерінің басқа аймақтарына қарағанда өзінің жасалу, тасты ойып салу, өрнектерін қиыстыру, ішкі көріністеріндегі бояуларының қанықтығымен ерекшелене­­­тін туындылары ұрпақтан-ұрпаққа еш мәнін жоғалтпай жетіп, самсап тұрған ескерткіш­тер даламызды ерекше сәнге бөлеп тұр. Тек кездесіп қана қоймай, осы бір тастан түйін түйген өнердің Маңғыстау сынды киелі өлкеде, талайлардың таңдайын қақтырған асыл өнердің осы топырақта ерекше да­мығанын мойындап, үздік туындыларына ба­­сымызды иеміз.

Халықтық сәулет өнерінің өрлеу кезеңі ХХ ғасырдың 70-жылдарында басталды. Осы тұста күмбезтамдар салу, ескілерін жаң­ғыр­ту, тасты өрнектеу сияқты жұмыстар жан-жақты қолға алынып, шеберлердің бүгінгі таңдағы жолын жалғастырушы ретінде Сайын Назарбек, Мақсұт Нұрқабаев, Көпбол Демесін, Ермұхан Әлиев, Жеңісбек Құлым­баев, Көшер Байғазиев сынды белгілі аза­маттар­ды атауға болады. Олардың халықты таң қалдырған ескерткіштер легін мақта­нышпен айтуға болады:

  • Қырық кез қорымындағы Жырау Қашаған Күржіманұлы күмбезтамы (1991 жылы Мақ­сұт Нұрқабаев салған)
  • Қаратөбе жерінде Абыл ақын (1777-1864), Досан батыр (1829-1874) күмбездері (1991-1992 жылдары Сайын Назарбек салған)
  • Оңтүстік Қазақстан облысындағы Дома­лақана кесенесі (1997 жылы Сайын Назарбек салған)
  • Қызандағы, Ақшұқырдағы Ұлы Отан со­ғы­сында қазатапқан боздақтарға арнал­ған ескерткіш-монумент (1982-1995 жылдары Көп­бол Демесінов салған)

Ата-баба өнерінің орта жолда үзіліп қал­май желісінің жалғасын тауып, олардың жаңарып, жасарып кетуін тілейік ағайын.

Маңғыстау төсінде күні бүгінге дейін қа­тары сиремей самсап тұрған ескерткіштер – осы өлкені жайлағандардың бағзыдан берг іжасампаз еңбегінің, жарқын болашаққа, жақ­сы армандарға деген берік сенімінің көне ­­­­көз куәлері, көл-көсір шежіресі. Міне, осындай мәдени мұраны көне деп қарамай, оны ба­йырғы байлығымыз деп бағалап, халқы­мыздың тұрмыс қажетін өтеуге тиімді пайдалануымыз керек.

Мұнайлы өлкесінің келешегі өте зор. Көкейде көздеген ой-мақсаттар да көп. Бағы жанып келе жатқан бағзы өлкеміздің бо­лашағын бірлескен күш-жігер, жасампаз істермен ғана баянды ете аламыз ағайын.

А. Яриханова,

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының

бөлім меңгерушісі