ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың мамандары Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары (СӨСҚП) орталығының қызметкерлерімен бірге ЖИТС-пен күрес айлығы аясында өңірдің үш пенитенциарлық мекемесінде арнайы шара өткізді. 5 қараша — 5 желтоқсан аралығында өтетін бұл акция Дүниежүзілік ЖИТС-қа қарсы күрес күніне арналған.

Бұл күні ГМ-172/6, ГМ-172/8 және ГМ-172/10 мекемелеріндегі сотталғандар арасында үстел теннисі, шахмат және футбол бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан грамоталар және сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ қамаудағылар АИТВ-ға шұғыл-тестілеуден өтіп, АИТВ-ның алдын алу бойынша кеңес алды.

Кездесуде сөйлеген ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының эпидемиолог дәрігері Жаңылсын Таңатарованың айтуынша, қазіргі таңда Маңғыстау облысында АИТВ жұқпасымен 359 адам тіркелген. Оның үшеуі — 14 жасқа дейінгі балалар. АИТВ-ның алғашқы оқиғасы аймақта 1994 жылы тіркелді. Жыл басынан бері 40 жаңа оқиға тіркелген көрінеді. Олардың арасында балалар жоқ. Инфекцияның жыныстық берілу жолы ең көп таралған болып саналады.

СӨСҚП орталығының өкілі Бағдат Аяпова сотталғандарға АИТВ/ЖИТС тақырыбы бойынша медициналық баспа материалдарын таратып, салауатты өмір салты қағидалары туралы хабардар етті.

Ал ГМ-172/6 мекемесінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Азат Шабиков қамаудағылардың спорттық іс-шараларға белсенді қатысатынын жеткізді. Сотталғандардың арасында спорттық дәрежесі бар адамдар да бар. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар мұнда тоқсан сайын облыстық құрылымдармен бірлесіп өткізіледі.
Сотталғандардың үштен бір бөлігі арнайы киім тігу, кәдесыйлар мен металдан жасалған бұйымдар жасау бойынша түрлі кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды. Сотталғандардың бір бөлігі мекеме шегінде бес жұмыс мамандығы бойынша орта және орта арнайы білім алады. Қамаудағылардың денсаулығын колонияның медсанитарлық бөлімінің дәрігерлері, фельдшері мен медбикелері қадағалап отырады.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА