жұмыс

Ақтау қаласының 56 жылдығына орай, Жастар үйі ғимаратында Ақтау қаласы әкімдігіне қарасты қалалық қоғамдық даму орталығы, облыстық прокуратура мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметттік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүрген жастарға септесу мақсатында өткен шараға алимент төлеуге қауқары жоқ жұмыссыз борышкерлер де келді. Қоғам үшін игі іс – жәрмеңкеге қаладағы 15 жұмыс беруші мекеме қатысты. Олар 160-­қа жуық бос жұмыс орын ұсынды.

Әрбір мекемеден келген өкілдер жұмыссыздарға мекеме туралы толық ақпарат беріп, қызметі, бағыты, өнімдері жайында сөз қозғап, қандай бос орындар бар екенін жеткізді. Шара соңында 1 адам сол жерден мекеме қызметкерлерімен сұхбаттасып, диспетчер болып тұрақты жұмысқа орналасты. 2 адам жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасуға жолданды. 136 адам мекеме өкілдерімен келісіп, өз мамандығы бойынша сұхбаттасуға шақырту алды. Ал 23 адам 27 қыркүйек күні басталатын «Теңізшевройл» бірлескен мекемесі жұмысқа орналастыру кепілдігімен монтаждаушы, жүк ілдіруші, электрик сынды жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіби оқуға жазылды.

Ханым ҚУАТ