Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысындағы тұрғын үйлердің, мемлекеттік, әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың жылыту маусымына дайындығы туралы маңызды мәліметтер жарияланды. Баспасөз брифингіне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов және Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аймақтық департамент жетекшісі Бақыт Бекмұратов қатысып, жылыту маусымына дайындық барысын баяндады.

«Қазіргі таңда, 2019-2020 жылғы жылыту маусымына бекітілген іс-шаралар жоспарға сай мерзімінде аяқталатын болады. Айта кететін болсақ, қазіргі уақытта қалалар мен аудандардың дайындық жұмыстары бойынша білім беру нысандары, әлеуметтік сала және денсаулық сақтау мекемелері 100 пайызға дайын. Автономдық қазандықтар – 90%, көп қабатты тұрғын үйлер – 93%, жылу желілері – 96%, электр желілері – 90%, сумен жабдықтау желілері 88,1% дайын. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС энергетикалық құрал-жабдықтарды күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындау бойынша негізгі жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Оған бізде 25 тонна көлемінде мазуттың апаттық қоры бар. Берешек қарыздарды уақытылы өтеу бойынша жұмыстар да жүргізіліп жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, жақында қоғамдық тыңдауда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің тарифтері туралы талқыланды. Бұл туралы қысқаша айтар болсақ, монополистердің тарифтері 5 жыл сайын заң бойынша өзгеріп отырады. Сондықтан МАЭК кәсіпорны келесі жылдың қаңтар айынан бастап жаңа тарифтер белгілеуі керек. Бірақ оған дейін қоғамдық кеңестер, халықпен кездесулер өткізіледі. Алайда халықтың жағдайын түсіретіндей жайттар болмайды. Аталған мәселенің мақсаттылығын, яғни «тарифтерді қаншалықты көтеру керек немесе ұстап тұру керек?» деген сұрақтарды қарастырамыз», – деді Бақытжан Аманжолұлы.

Сонымен қатар брифингте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның «ҚазТрансГазАймақ» алдында 3,2 млрд. теңге көлеміндегі берешек қарызы 20 қазанға дейін жабылатыны мәлім болды. Ал «Өзенжылу» МКК-нің «ҚазТрансГазАймақ» алдында 380 млн. теңге берешек қарызы бар екен.

«Жаңаөзен қаласының бірқатар жастарына Ақтау қаласынан жұмыс беріп, жатақханаға орналасу шығындарын қаржыландыру мақсатында осы жылға 236 млн. теңге бөлінген, соның 36 млн. теңгесі игерілді. Осы қаражаттың 150–200 млн. теңгесін «Өзенжылу» мекемесіне аударғанда «ҚазТрансГазАймақ»-тың қарызы өтеледі», – деді МО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов.

Айта кетейік, Мұнайлы, Бейнеу аудандары мен Жаңаөзен қаласы энергоресурс үшін берешек қарыздарын өтеу мақсатында қосалқы станция МАЭК меншігіне өткізу бойынша іс-шара жоспары жасақталған.

«Жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазір осыған қатысты іс-шаралар аяқталуға жақын. Дайындықтың қала және аудандар бойынша жағдайына тоқталар болсақ, білім, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдары нысандары 100 пайыз дайын, автономды қазандықтар дайындығы – 90 пайыз, келесі аптада жұмыстар аяқталып, 100 пайызға жетеміз. Облыс аумағында тұрғын үйлер саны – 1654 үй. Оның 93 пайызы жылыту маусымына дайын. Тұрғын үйлердің басым бөлігі Ақтау қаласында, жалпы саны – 981 үй. Ақтау қаласының жылыту маусымына дайындығы 87 пайызды құрайды, барлық үй бойынша бір аптаның ішінде толық даярлық аяқталады. Аудандар мен қалалардың дайындығы – 100 пайыз. Жылумен қамту нысандары бойынша барлық кәсіпорындарда жоспарланған жұмыстар жүргізілді. Бір ғана «Каспий жылу су арнасы» бойынша 84 пайыз, бұл 5,7 шақырым желі, оның 4,8 шақырымы дайын, қалғаны апта ішінде аяқталады. Сумен қамту жұмыстарына тоқталсақ, дайындық деңгейі – 88,1 пайыз. Электр қуатымен қамтамасыз ету – 90 пайыз. Барлық дайындық жұмыстары 1 қазанға дейін 100 пайыз толық аяқталатын болады», – дейді Ж.Салимов.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аймақтық департамент басшысы Бақыт Бекмұратов тарифтерге қатысты мәселелерді тарқатып айтып берді. Оның айтуынша, қазір Маңғыстау облысында 17 табиғи монополия субъектісі бар. Биыл үш табиғи монополия субъектісінің тарифтері аяқталды. Олар «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «Өзенжылу» мемлекеттік кәсіпорны және «Каспий жылу су арнасы» мемлекеттік мекемесі.

«Осы кәсіпорындар бізге өтінішпен шықты. Қазір «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өтініші қаралу үстінде. 16 қыркүйек күні жария тыңдау өткізілді. «МАЭК» өкілдері өз ұсыныстарын жариялады. Шешімді уәкілетті органдар қабылдайды. Мерзімі – 90 жұмыс күні, яғни жылдың аяғында шешім қабылданады. Сонымен қатар қазір «Өзенжылу» кәсіпорнының сұранысын қарап жатырмыз. Олардың да шығындарын есептейміз. Қоғамдық жария тыңдауы қазан айына жоспарланған. «Каспий жылу су арнасы» да сұраныстарын дайындауда. Жаңа тарифтер келер жылдың 1 қаңтары немесе 1 ақпанынан бастап іске қосылатын болады», – дейді Б.Бекмұратов.

Брифингте облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов аймақтағы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жылуды қабылдауға дайын екенін баса айтып, ауа температурасының күрт төмендеуі болған жағдайда барлық нысандар қазан айының 15-ін күтпестен жылуға қосылатынын мәлімдеді.

Жайық НАҒЫМАШ