Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек.

Елбасы Н.Назарбаевың «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» Жолдауынан

Сәрсенбі күні БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жетібай Құбашев ағымдағы жылы жасалған жұмыстардан хабардар етті. Сондай-ақ келер жылдың еншісіндегі жоспарлар мен міндеттерді баяндады.

Аталмыш бөлім басшысы Жетібай Бопышұлының мәлімдеуінше, Ақтау қаласы бойынша жергілікті маңыздағы ұзындығы 159,7 шақырым автокөлік жолын күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 329,9 млн.теңге, суағар құбырларына 45,4 млн.теңге, шұңқырға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 19,6 млн.теңге қаржы қарастырылған. Облыс орталығында жол қозғалысын реттеу құралдарының және жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 21,3 млн.теңге бөлінген.

–Ақтау қаласының көліктік инфрақұрылымын одан әрі жақсарту және дамыту мақсатында осы жылдың басында 6 автомобиль жолына жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға бюджеттен 60,6 млн. теңге бөлінді. Атап айтсақ, бұл қаржыға №1 және №8 өндірістік аймақ, 25 шағынаудан, 35 шағынаудан бойындағы №33, 35 шағынаудандағы №26 және Рауан тұрғын-үй массивінің ауданішілік автожолдары жөнге келеді. Үнемделген 24 млн.теңгені қаламыздың көлік жолдарын дамытуға пайдалануды жоспарлап отырмыз. Осы айда қаланың көліктік инфрақұрылымын одан әрі жалғастыру негізінде 5 шақырым болатын «Нұрас» жанар-жағармай бекетінен «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына» дейін автомобиль жолын жаңарту және солтүстік-батыс бағыттағы рекреациялық аймақтан 20 А шағынауданына дейінгі автокөлік жолына ЖСҚ дайындауға ашық конкурс берілді, – деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев.

3

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, қаламыздың жаңа шағынаудандарында жол құрылыстарының жұмыстары басталуда. Мәселен, «Шығыс-2» — «Шығыс-3» тұрғын үй массивтері аралығындағы №31А, 31 және 31А шағынаудандардағы №29, №4 А шағынауданы, 32 Б және 31 Б шағынаудандар бойындағы №22, 34 және 34 А шағынаудан аралығындағы №29, 33 және 34 шағынаудан аралығындағы №27, «Толқын-1» тұрғын үй массивінің және «Көктем» тұрғын үй массивінің ықшам ауданішілік автожолы, Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымын салу шеңберінде (Ақтау қаласындағы 16-17,18-19 және 19А -20 ықшамаудандары аралығында №19 А автокөлік жолы) автокөлік жолын салу жұмыстары жүргізіледі.

–Ақтау қаласының автокөлік жолдарындағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен орын алатын апаттардың алдын-алу мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған сметалық құны 138,9 млн. теңге жер үсті жолдарын салуға ашық конкурс берілді. Жер үсті өткелдері 7 шағынаудандағы «Ұшақ» ескерткішінің, «Ақтау» сауда, ойын-сауық кешенінің және «Мағаш» базарының қасына салынады. Заман талабына сай салынатын жер үсті өткелі мүгедектердің мініп-түсуіне ыңғайлы етіп жасалады.Сонымен қатар Ақтау қаласындағы 15 автокөлік жолына жаяу жүргіншілерге арналған жолақтардың үстіне күн сәулесінен электр қуатын алып, түнгі мезгілде жарықтандырғыш қызметін атқаратын құрылғылар орнату жұмыстары жасалуда. Қазіргі таңда облыс орталығында 5 қалаішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қаланың орталық көшелерінде ескі бетон бордюрлерді жаңа граниттік жиек тастарға ауыстыру және жол жиегіне брусчатка төсеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 123,5 млн.теңге қаражат бөлінді, – деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Бопышұлы.

5

Оның хабарлауынша, Ақтау қаласының теңіз жағалауын абаттандыру мақсатында республикалық бюджеттен 170 млн. теңге, көше-жол қиылыстарының тазалығын және оларды абаттандыруға жергілікті қазынадан 24 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жасалып жатыр. Облыс орталығында жолаушыларды тасымалдауға № 2, 3, 4, 4М, 5, 7 бағытындағы маршруттар қатынайды. Аталмыш бөлім басшысы Жетібай Бопышұлының айтуынша, қаламызда 2015 жылы бекітіліген жол жүру ақысы өзге облыстармен салыстырғанда ең төменгі тариф екен. Қала көшелеріндегі аялдамаларға автобус бағыты мен жүру кестесін GPS жүйесі арқылы көрсететін ақпараттық тақтайша қойылмақ.

БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Бопышұлы №12 бағыттағы маршрут жүретінін, жол ақысы қымбаттауы мүмкін екенін, жаңа шағынаудандарға әзірге бұрынғы маршруттар қатынайтынын, қажет болған жағдайда жаңа маршруттар ашылатынын хабарлады. Ол өз сөзінде қала кәсіпкерлерінің жолаушылар тасымалдау кәсібімен шұғылдануға қызығушылық танытпайтынын алға тартты. Сондай-ақ қала тұрғындары «Infobus» бағдарламасын ұялы телефонына жүктеп, қай бағыттағы маршруттың қай жолмен жүретіні туралы деректерді біле алатынын жеткізді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ