Ақтау қаласындағы Достық үйінде «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ аймақтық имамдар форумы өтті. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында осындай тақырыптағы үшінші имамдар форумы өткен. Форумда «Жеті рухани қазық» Қа­зақ­­стан мұсылмандарының Рухани Тұғыр­­намасы, «Дін қызметкерлері атқара­­тын діни рәсімдер тізілімі», «Діни қыз­меткерлердің лауазымдық міндет­тері» және «Діни лауазымдар тізілі­мі» ат­ты құжаттар қабылданып, оның жалғасы аймақтарда көрініс тапқан-ды. Атап айтқанда, Алматы қаласында, Атырау, Павлодар, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстарында, Талдықорған аймағында, Шымкент және Семей қалаларында осындай жиын өтті.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырған осынау форум Маңғыстау облысының орталық мешітінің азаншысы Әли Қазақтың Құран оқуымен ашылды.

Өңіріміздің бас имамы Әнуар Елжанов алқалы басқосудың шымылдығын кіріспе сөзбен түріп, оны жүргізіп отырды. Жиналған жергілікті билік, өңіріміздегі дін саласы мен зиялы қауым өкілдері және қалалық, аудандық, ауылдық мешіттердің имамдары, ұстаздар мен жастар, жалпы жамағат Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қызметі туралы бейнероликтен басқарманың бұрынғы және қазіргі тыныс-тірлігімен танысты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев ҚМДБ дайындаған құжаттармен таныстырып, әрқайсысына тоқталды. Елорда форумында қабылданған негізгі үш құжат арқылы дін қызметкерлерінің міндеттері айқындалғанын атап өтіп, оларға егжей-тегжейлі тоқталды.

Облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев жиналғандарды құтықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі. — Ата–бабаларымыз сан жылдардан бері аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгелі руханиятымыздың тамырына қан жүгіріп, қоғамда діни төзімділік және толеранттылық берік орнап, қазіргі таңда еліміздің конфессияаралық үнқатысудағы тәжірибесі бүкіл әлемдегі діни жетекшілердің қолдауы мен мойындауына ие болып отыр. Этностар еліміздегі сындарлы саясаттың арқасында мемлекетіміз әртүрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт, татулықта өмір сүруінің өзіндік моделін жасады. Бүгінгі өткізіліп отырған үшінші имамдар форумының тақырыбы «Рухани құндылықтар — қоғам бірлігінің негізі» деп дұрыс таңдалған, — деді ол.

Өз халқының тарихын, салт-дәстүрін қастерлей білетін ұлттың ғана болашағы жарқын, келешегі кемел болатынын атап өткен Қаныбек Бекболатұлы Қазақстандағы көне мәдени-тарихи ескерткіштердің көп жәдігерлері осы Маңғыстауда орналасқанын және  бұлардың ел мақтанышы екенін айтты. Сондай-ақ ол жас ұрпақты жат ағымдардан қорғау мақсатында өңірде атқарылған шараларға да тоқталды.

— Бүгінгі талқыланатын мәселелер өте өзекті. Бұл мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы бар. Ол – рухани толыққан, прогрессивті сананың қалыптасуы деп айтар едім. Сана түзелсе, адам түзеледі. Адам түзелсе, қоғам түзеледі. Пенденің бойындағы иман-сенім – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жауапкершілікті тек қана имамдар мен теологтарға артпай, әрбір мұсылман жұдырықтай жұмылып, бірге әрекет етуіміз қажет, — деп түйіндеді сөзін Қ.Жұмашев.

Облыстың бас имамы Әнуар Елжанов «Дін ісімен дін қызметкері айналысуы тиіс» тақырыбын ашып көрсеткен баяндама жасады. Сондай-ақ техника ғылымдарының докторы, Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі ғылымы академиясының академигі, қоғам қайраткері Майлыбай Өтебаве «Бағдарымыз бен бағытымыз — жеті рухани қазық», Жаңаөзен қаласындағы Әбіш қожа мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев «Жеті рухани қазық», Қызылтөбе аулы мешітінің бас имамы Айғабыл Шаденов «Білімділік — уақыт талабы» туралы баяндады.

Қоғам қайраткерлері Еділхан Алқажан, Нияз Тобыш және басқа азаматтар өз пікірлерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды.

Форумды қорытындылаған Бейбіт Әліпбекұлы жиында қозғалған мәселелердің келешекте қаралып, нәтижесіз қалмайтынын айтты.

   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ