Қазақстанда 2020 жылы жүргізілетін халық санағына дайындық жұмыстары облыста қалай жүзеге асуда? Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қандай? Осындай маңызды сұрақтарға өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысы статистика департаментінің басшысы Римма Утюшева мен департамент басшының орынбасары Алтыншаш Исламова жауап беріп, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша соңғы статистикалық деректерді жариялады.

«Қазіргі уақытта об­лыстағы халық саны – 691,6 мың адам, оның ішінде қалалықтар саны  –  273,5 мың (39,5%), ауыл халқы – 418,1 мың адам (60,5%). 2019 жыл басымен салыстырғанда халық саны 13,4 мың адамға не­месе 2%­-ға өскен. 2019 жылғы қаңтар–тамыз аралығындағы жағ­дайды өткен жылғы көрсеткіш­термен салыстырғанда облысқа келгендер қатары – 23,9%-­ға, кет­кендер саны – 16,8%-­ға өсті», – дейді департамент басшысы Рим­ ма Утюшева.

Еліміздегі негізгі көші-­қон ал­масуы ТМД мемлекеттері арасын­да болып жатыр. ТМД елдерінен Қазақстанға келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлестері 92,7% және 96%-­ды құрады. Ел ішінде қоныс аударатын көшіп­-қонушылар саны 22,8%-­ға көбейген. Облысаралық қоныс аудару бойынша халық көші­-қонының оң айырымы еліміздің 5 ауданында: Мұнайлы (1 084 адам), Қарақия (54 адам), Бейнеу (44 адам), Түпқараған (23 адам) және Маңғыстау аудандарында байқалды.

Ал аймақтағы халықтың тұрмыс деңгейі жақсара түскен. Мәселен, 2019 жылғы ІI тоқсанда халықтың орташа жан басына атаулы ақ­шалай табыстары бағалау бо­йынша 140 030 теңгені құрады. Бұл 2018 жылғы IІ тоқсанға қара­ғанда 12,5%-­ға, ал нақты табыс көрсетілген кезеңде 6,5%­-ға жоға­рылағанын айғақтап отыр.

2019 жылғы ІІ тоқсанда жұмыс­сыздар саны бағалау бойынша 15,3 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі жұмыс күші (экономи­калық тұрғыдан белсенді халық) санына шаққанда 4,8%-­ды құра­ған. 2019 жылғы қыркүйектің соңында жұмыспен қамту органда­рында есепте тұрған жұмыссыздар саны – 17 835 адам, экономикалық белсенді халық санындағы тір­келген жұмыссыздар үлесі 5,6%- ды құрады. Өңірдегі азық-­түлік пен жалақы көрсеткіштерінде өзгерістер бар. «2019 жылғы ІІ тоқсанда бір қызметкерге есеп­телген орташа айлық атаулы жалақы 289 593 теңгені құрады, яғни 2018 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 8,1%­-ға көбейген, ал нақты жалақы индексі 102,4%­-ды құрады. Тұтыну бағаларының индексі болса, 2019 жылғы қыркүйек айында 2018 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 104% көрсеткішке ие. Азық-­түлік тауарларына бағалар – 6,8%, азық­-түлік емес тауарларына – 3,4%, ақылы қызметтер– 1,3%­-ға өскен. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындар бағалары 2019 жылғы қыркүйек айында 2018 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда – 0,5%-­ға өсті», – деді департамент басшысы.

Осы жылдың қыркүйек айын­да бірқатар азық­-түлік өнімдері бағалары жоғарылаған. Мәселен, нан өнімдері мен жарма өнімдері– 0,6%, макарон өнімдері – 0,1%, мал еті және құс еті – 1,1%, шұжықтар, еттен дайындалған өнімдер – 0,6%, балық және теңіз өнімдері – 1,3%, сүт өнімдері – 0,5%, жұмыртқа – 4,6%, алкогольсіз су­сындар – 0,5%, алкогольді ішімдік­тер мен темекі өнімдері 0,5%-­ға қымбаттаған. Бағаның төмендеуі көкөністерге – 1,7%, құмшекерге – 1,4% мөлшерде белгіленді.

Ал киім және аяқ киім тауарларының бағасы – 0,1%-­ға, үй тұрмысына қажетті заттар мен тұрмыстық техникалар 0,6%-­ға қымбаттаған көрінеді. Денсаулық сақтау қызметінің тарифы – 0,1%­-ға, көлік қызметі – 1,1%-­ға, білім беру – 4,5%-­ға өсті. Осы жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 39 354 теңгені құрап, баға индексі 0,1%-­ға төмендеп отыр.

«Облыстағы инвестиция көле­міне тоқталар болсақ, 2019 жыл­ғы қаңтар–қыркүйек айында негізгі капиталға салынған инвес­тициялар көлемі 371 651,6 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,8%-­ға азайғанын көрсетеді. 2019 жылғы қаңтар–қыркүйекте құрылыс жұ­мыстарының көлемі 117 620,5 млн. теңге құрады. 2019 жылғы қаңтар–қыркүйекте құрылыс жұ­мыстарының едәуір көлемі бері­ліс құрылғылары (36 783,4 млн. теңге), тұрғын ғимараттар (19 105,7 млн. теңге), автомагистраль­дар (18 335,2 млн. теңге) және кен өндіру, өңдеу өнеркәсібіне арналған құрылыстар (13 371,3 млн. теңге) объектілерінде іске асты», – деді Римма Утюшева.

Департамент өкілдері келтірген мәліметтерге сүйенсек, биылғы тоғыз айдың ішінде облыста 3 556 жаңа объектілердің құрылысы аяқталған екен. Оның  ішінде 3 482-­сі – тұрғын үй және 74­-і – өзге емес мақсаттағы ғимараттар. 2019 жылғы қаңтар– қыркүйекте тұрғын үй құрылысына 74 782,9 млн. теңге қаражат салынған. Негізгі капиталға салынған ин­вестициялардың жалпы көле­мінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаражаттың үлесі 20,1%­-ды құрады. Қаңтар–қыр­күйек айлары аралығындағы тұрғын үй құрылысының негіз­гі қаржыландыру көзінің үлес салмағы 96,6% мөлшермен салу­шылардың меншікті қаражатына тиесілі болып отыр.

Ал биылғы есептік тоғыз айдың ішінде облысымызда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы – 931,7 мың шаршы метрді, оның ішінде жеке құрылысшылар салған ғимараттар 597,7 мың шаршы метрді құрап отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің нақты көлемінің индексі 2019 жылы 102,3%-­ды көрсетті. 2019 жылғы қаңтар–қыркүйекте халық салған тұрғын үй құрылысының 1 шаршы метрінің орташа нақты шығындары – 80,6 мың теңгені құрады.

Өңірде өнеркәсіп өндірісі ба­ғытында да өнімді жұмыстар жүзеге асырылған екен. 2019 жылғы қаңтар–қыркүйек айын­да өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 2 181 058,8 млн. теңгені, өнеркәсіптік өндірістің индексі 99,3%-­ды құ­рады. Кен өңдеу өнеркәсібінде өнеркәсіптік өндірістің индексі– 98,7%. Ауыл, орман және балық шаруашылығының ішкі өнімінің көлемі 2019 жылғы қаңтар–қыркүйекке 13 584,1 млн. теңгені құрады, оның ішінде 12 855,6 млн. теңгені құрады, нақты көлем индексі (НКИ) 2018 жылмен салыстырғанда 0,1%-­ға өсті және 100,1%­-ды құрады. 2019 жылғы қаңтар–қыркүйекте «Көлік» (кө­лік және қоймалау) саласы бойын­ша нақты көлем индексі 102,2%­-ды көрсеткен.

Биыл 1 қазандағы тіркелген заңды тұлғалар саны 15 617 бір­лікті, оның ішінде 100 адамнан аз қызметкерлері бары 15 286 бір­лікті құраған. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны – 10 423, оның ішінде шағын кәсіпорындар 10 094 бірлік болып отыр. 2019 жылғы 1 қазанға облыстағы орта және шағын кәсіпкерліктегі жұмыс жасап тұрған заңды тұлғалардың саны 8 854 бірлікті құрады. 2019 жылғы қаңтар–қыр­күйектегі сауда (көтерме және бөлшек сауда) саласы бойынша нақты көлем индексі – 96,9% болса, осы уақыт аралығындағы бөлшек сауда көлемі 135,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес кезең деңгейімен салыстырғанда 101,1%-­ды көрсетті. 2019 жылғы қаңтар–қыркүйектегі көтерме сау­да көлемі 165,3 млрд. теңгені не­месе 2018 жылғы тиісті кезең дең­гейімен салыстырғанда 93%-­ды құрап отыр.

«Халық санағына дайындық кезеңінде құқықтық, ұйымдас­тырушылық, әдістемелік, бағдар­ламалық­-техникалық қамтамасыз ету, жалдамалы жұмыскерлер бойынша шаралар және санақ жүргізетін қызметкерді дайын­дау, түсіндіру жұмыстары сын­ды ауқымды істер атқарылады. Әдістемелік материалдар мен санақ құралдары бойынша пи­лоттық жоба әзірленді. Өткен тәжірибелер мен жағдайларды есепке ала отырып, ендігі Ұлттық халық санағында жаңа заманға сай технологиялар мүмкіндігінше кең қолданысқа енгізіледі», – дейді Алтыншаш Сұлтанқызы.

Жаңа санақ жұмысында еліміз­де бұған дейін өткізілген санақ ке­зіндегі дәстүрлі қағаз толтырумен қатар, технологиялық инновация жетістіктері кеңінен қолданылады. Әсіресе интернет желісі мен пор­тативті есептегіш құрал (планшет) санақ жұмысын жеңілдете түспек. Сонымен қатар мәліметтердің қайталануының алдын алу және деректер базасы ақпараттарының маңыздылығын арттыру мақса­тында респонденттің жеке иден­тификациялық нөміріде есепке алынады. Ал интернет сауалнама­да респонденттер үшін «sanaq.gov. kz» сайтында электронды түрде санақ парағын толтыру мүмкіндігі бар.

Ал санақ кезіндегі азаматтар туралы мәліметтердің қауіп­сіздігі де қаперге алынады. Қол­данысқа енгізілмес бұрын коми­теттің барлық ақпараттық жүйесі сынақтардан өтіп, ҚР ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәй­кестігі туралы аттестаттаудан өткізіледі. Еске сала кетсек, Үкімет қаулысына сәйкес кезекті халық санағы 2020 жылдың 1–30 қазан аралығында жүргізіледі. 1–15 қазан аралығында арнайы мамандандырылған www.sanaq.gov.kz сайтында онлайн санақпен қатар сауалнама өткізіліп, 1–30 қазан аралығында арнайы план­шет құрылғыларымен жаппай са­уалнама жүргізіледі.

Жайық НАҒЫМАШ