Жыл басынан бері Маңғыстау облысында 51349 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Көмектің қаржылық көлемі – 3 млрд.477 млн. теңгені кұрап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмамедова айтты.

Жақында Президент халыққа арнаған Жолдауында атаулы әлеуметтік көмекті төрт қабырғасы түгел, ауқатты отбасылардың да алып жүргенін тілге тиек етті. Түрлі қитұрқы әре­кеттерге барып, заңсыз жолмен мемлекеттік көмекке қол жеткізгендер шын табысын жасырып, жалған құжаттар тапсырады. Осындай заңсыздықтарды ауыздықтау үшін басқармада жұмыстар қызу жүргізілуде.

– Басты өзекті мәселе – атаулы әлеуметтік көмек төлеудің заңдылығын қамтамасыз ету. Бұл бағытта үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың материалдық жағдайын, құжат­тарын қайта тексеріп, зерделеп, мониторинг жасадық. Нәтижесінде жылдың бірінші тоқсанында 64 адамға тө­лем тоқтатылды, олар бюджетке 21,8 млн. теңге қайтару керек, ал екінші тоқсанда 487 адамға заңсыз төленгені анықталды, олардан 48,1 млн. теңге бюджетке қайтары­луы тиіс. Сондай-­ақ 163 отбасы табысын жасырған деп танылып, төлем тоқтатылды, олар бюджетке 32,4 млн. қайтаруы тиіс. Бәрін есептегенде, жыл басынан бері табысын, отбасы құрамын жасырған не табыстары өскен барлығы 714 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылды. Олар бюджетке 102,3 млн. теңге қайта­руы қажет. Оның ішінде бүгінгі күні 78 отбасы 9,2 млн. теңгені қайтарды, – деді Қарашаш Нұрмамедова.

9 тамыз күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрінің №459 бұйрығымен атаулы әлеуметтік көмектің тағайындау және төлеу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Қарашаш Ішбергенқызы жаңа мәліметтермен бөлісті.

«Жаңа өзгерістерге сәйкес заңсыз төленген қаржы ескертілгеннен кейін 1 ай мерзімде бюджетке қайтарылуы тиіс. Егер қаржы ерікті түрде 1 ай ішінде қайтарылмаған жағдайда, уәкілетті орган оны сот арқылы қайтару шараларын қабылдайды. Бұрын ережелерде қашан қайтару туралы мерзімі жазылмаған болатын. Басқа өзгерістерге келсек, «отбасы» түсінігі нақтыланды. Жаңа ереже бойынша, отбасы – бірге тұратын, бір елді мекенде тіркелген, шаруашылықты бірге жүргізетін адамдар. Назар аударатын сөз – «бірге тұратын». Біздің елде ата­-аналары мен балалар бөлек тұратын жағдайлар кездеседі. Яки балалар ата-­әжесінің қолында, туыстарының үйінде өмір сүріп, мектебіне барады. Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 111 бала отбасынан бөлек, елдің басқа аумақтарында тұрып жатқаны анықталды. Өзгерістер бойынша егер бала отбасымен бірге тұрмайтын болса, біз атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтатуға мәжбүр боламыз», – деп атап өтті Қ.Нұрмамедова.

Өзгерістер қатарында уақытша тіркелген адамдарға 6 айға дейін атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайтыны, тағайындалған көмектің төлемі келесі айдың 10-­ына қарай түсуі, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жетпеген құжаттарды сұратуы, заңсыз төлем туралы анықталса, төлемнің бір күнде тоқтатылуы сынды жаңашылдықтар бар. Бұл өзгерістердің барлығы – алаяқ­тықты, заңсыздықты алдын алу.

Ханым ҚУАТ