бердымухамедов

Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов 24 шілдеде телефон арқылы өзбек көшбасшысы Шавкат Мирзиеевті туған күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақтау қаласындағы Түркменстан Консулдығы мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

― Телефон арқылы сөйлесу барысында Түрікменстан Президенті Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевті туған күнімен құттықтады. Мирзиеев 24 шілде күні 62 жасқа толды. Президентінің атына мемлекет басшылары мен шет елдердің, халықаралық ұйымдардың басшыларынан көптеген құттықтау хаттары мен жеделхаттар түсіп жатыр, — делінген хабарламада.

Консулдықтың мәліметінше, әңгіме барысында Түркменстан басшысы Мирзиеевтің басшылығымен мемлекеттік және қоғамдық құрылыс, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы саласындағы жетістіктерін атап өткен. Екі елдің көшбасшылары екі жақты қарым-қатынастар мен өңірлік саясат мәселелерін талқылаған. Олар өзара сауда көлемін арттыру, көлік, энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы кооперацияны күшейту қажеттігін басты назарға алды.

Түркменстан Президенті Мирзиеевті туған күнімен құттықтады
Фотомұрағаттан, 2013 жыл. Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

Мирзиеев Түркменстан Президентіне құттықтауы үшін алғысын айтып, 12 тамыз күні «Аваза» Ұлттық туристік аймағында өтетін бірінші Каспий экономикалық форумын табысты өткізуге тілек білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, 21 шілдеде Еуразиялық проблемалар мониторингі орталығының директоры, саясаттанушы Аслан Рубаев Түркменстанның арнайы қызметтерінде аталмаған дереккөздерге сілтеме жасай отырып, «Мәскеу сөйлейді» сұхбатында Бердымұхамедовтың қайтыс болғаны туралы мәлімдеді. Кейінірек саясаттанушы бұл ақпараттың расталмағанын айтты.

― Президенттің туған-туыстары мен жақындарынан, сондай-ақ Түркменстанның барлық тұрғындарынан кешірім сұраймын, — деп жазды саясаттанушы Аслан Рубаев өзінің Facebook парақшасында.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суретті Ақтау қаласындағы Түркменстан Консулдығы ұсынды