sailau vybory сайлау учаскесі президент сайлауы
Сурет Zakon.kz алынған

Маңғыстау өңірінде 8 аймақтық сайлау комиссиясы құрылып, бүгінгі таңда 390 мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Биыл 9 маусымда кезектен тыс ҚР президентінің сайлауы өтеді деп бекітілді. Осыған орай, күнтізбелік жоспар бойынша 1 облыстық, 5 аудандық, 2 қалалық сайлау комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Президентікке кандидаттарды тіркеу, сенімді өкілдерін тағайындап, куәліктерін беру, сайлаушыларды тіркеу заң талаптары бойынша белгіленген кезеңде өтуі керек.

Бүгінде облыста барлық үміткерлердің штабтары ашылып, сенімді өкілдері тіркелген. Атап айтсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 619 сенімді өкіл тіркелсе, Амангелді Таспиховқа 47, Дания Еспаеваға 228 өкіл сенім білдірсе, Сәдібек Түгелге 11, Төлеутай Рахымбековке 11 адам, Жамбыл Ахметбековке 16 адам, Әміржан Қосановқа 21 адам сенімді өкіл болуға ниет білдірген.

Маңғыстауда 223 учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. 25 мамырдан бастап әрбір сайлаушы өзіне жақын сайлау учаскесіне барып, тізімге енген немесе енбегені туралы ақпарат ала алады. 9 маусым күні түрлі себеппен тұрғылықты жерінде болмайтын азаматтар есептен шығару куәлігін алуы керек. Сол куәлікпен жүрген жерінде тіркеліп, дауыс бере алады. Вахталық әдісте қызмет атқаратын мұнайшылардың сайлауға қатысуы үшін тізім жасалып, кенорындарында 5 сайлау учаскесі ашылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық сайлау учаскелерінде арнайы жағдай жасалған. Есту қабілеті төмен адамдарға құлаққаптар, көзі көрмейтін топтағылар үшін трафареттер орнатылған. Әртүрлі ерекшеліктерге арнайы жасақталған учаскелерде 8000-ға жуық сайлаушы дауыс бере алады.

«Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы аудан-қалаларды аралап, дайындықты пысықтады. Өңірге ұзақ мерзімге халықаралық деңгейдегі бақылаушылар келді. Оның бірі АҚШ-тан болса, екіншісі Ресейден келген. Сайлау жақындаған сайын бақылаушылар саны артады», — деді МО сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Исахан Сағынбаев.