Кезектен тыс президенттік сайлауға түсетін кандидаттар арасындағы телепікірталас 2019 жылғы 29 мамырда «Хабар» агенттігі» арнасының эфирінде өтеді. Мұндай шешімді бүгін  ҚР Орталық сайлау комиссиясы қабылдады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған қаулыға сәйкес, 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің сайлауында сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастар 2019 жылғы 29 мамырда «Хабар» арнасының эфирінде өткізіледі.

Телепікірталас 3 раундқа бөлінген. Бірінші раундта кандидаттар «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары» тақырыбында сөйлейді. Бұл раунд екі кезеңнен тұрады. Бірінші қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырса, екінші кезеңде оппоненттерінің сұрағына жауап береді.

Екінші раундтың тақырыбы — «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Мұнда қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Одан соң жүргізушілердің қатысушыларға бір сұрақ қоюы жорамалданады.

«Сайлаушыларға арнау» деп аталатын үшінші раундта қатысушылар сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров телевизиялық пікірталас өткізілуі мүмкіндігін айтқан.

Айта кетейік, ҚР Президенттігіне кандидат ретінде жеті кандидат тіркелген. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан — Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан — Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.