Бүгін Ақтауда көгалдандырушылар 16-17 шағынауданының бойындағы көшеге 120 үштікенді қарамала талын екті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Көгалдандырушылар жыл соңына дейін 4500 тал егуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 2500 тал қала көшелеріне егіліп жатыр. Ал қалған 2000 талды күзде егеді екен.

Бүгін көгалдандырушылар Ақтау көшелеріне 120 тал екті (ВИДЕО)

Үштікенді қарамала ағашының биіктігі 40-45 метрге дейін жетеді. Сабақтары мен бұтақтарында тікенегі бар, қабығы қоңыр түсті. Олар 7 см-ге дейін жиі тармақталады, жапырақтарында 10-24 жұп жапырақшалары бар. Бұл ағаш Маңғыстау табиғатына төзімді, шөлге шыдамды келеді. Сондықтан да қала көшелері бойына көптеп отырғызылады.

Ақтау көшелерін көгалдандырумен «Қазақ соқырлар қоғамына» қарасты «Талғар оқу-өндірістік кәсіпорны» айналысып жатыр. Олар Ақтаудағы ботаникалық бақпен келісім-шартқа отырған екен. Алдағы уақытта егілген ағаштардың жайқалып өсуін және бұталарының сынбауын қадағалап отырады.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН