Жақында Ақтау қаласындағы И.Сүйеубаев атындағы №8 орта мектепте облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Ғазиз Байтасов атындағы жол қозғалысының жас инспекторларының 18-аймақтық слеті өтті.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­тамасыз ету – өзекті мәселе. Әсіресе   жолдағы   судай сапы­рылысқан көліктерден балаларды қорғауға тиістіміз. Апаттардың алдын алып, жолда жүру негізін, қауіпсіздік ережелерін бала­лардың жадында мықтап сақталуы үшін ере­желерді егжей­тегжейлі түсіндірумен қатар оларға қызықты болар шаралар, байқаулар өткізген абзал. Осыған байланысты жол қозғалысының жас инспекторларын дайын­ дайтын, мектептерде құрылған топтар ара­сында облыстық слет ұйымдастырылды. Оған бүкіл аймақ бойынша қалалық және аудандық жас инспекторлар жарысының жеңімпаздары атанған 7 команда қатысып, бағын сынады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Биыл Маңғыстау түлектеріне облыс әкімінің 75 гранты тағайындалды

Слетте жас инспекторлар «Саптық байқау», «Жол   қозғалысы   ережесінің  білгірлері», «Велосипедті мәнерлеп жүргізуші», «Жас реттеуші», «Жас санитар», «Тапқырлар турнирі» сынды конкурстардан өтіп, еңбекқорлығымен, білімімен, зеректігімен ерекшеленді. Нә­тижесінде жалпы командалық есепте бас жеңісті Мұнайлы ауданының №5 мектептің ко­мандасы қанжығасына байла­ды. Жүлделі 2, 3 ­орындарды Ақтау қаласының №8 орта мектебі мен Маңғыстау ауданы­ның Жыңғылды селосындағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің командалары бөлісті.

Облыстық слеттің жеңімпа­зы – Мұнайлы ауданының №5 орта мектебінің командасы Қызылорда қаласында 20–29 тамыз ара­лығында өтетін республикалық слетте Маң­ғыстау облысының атынан өз білімдері мен шеберліктерін көрсететін болады.

Ханым ҚУАТ