Балалар жүрегін тербеп, көңілін шалқытар Маңғыстау облыстық қуыршақ театры 39-маусымының шымылдығын түрді. Маусымашар театр режиссері Надежда Насырованың «Күнше» атты спектаклімен бастау алды.

Театрдың ең үздік туын­дыларының бірі – «Күн­ше» балаларға берер тәр­биесі зор қойылым. Зұлымдық пен мейірімділік қатар жүретін заманда жақсы мен жаман қасиеттердің арты неге әкеліп соқтыратынын паш ететін спектакль балалардың көңіліне ой салып, жүрегіне ме­йірімділік ұялатады. Маусыма­шарда әртістер  қуыршақтарға жан бітіріп, қойылымды жоғары шеберлікпен ойнап, кішкентай көрермендердің қошеметіне ие болды.

Жаңа леппен, жаңа серпінмен жұмысын бастаған Маңғыстау қуыршақ театрының қоржынында 80­-нен астам қойылым бар. Кәсіби білімі жоғары, шеберлігі мықты әртістер қазақ және орыс тілдерін­де бірдей өнер көрсетеді. Олар жыл сайын   шеберлігін шыңдап қана қоймай, шығармашылық жетістік­терге жетіп, биік белестерден көрініп жүр. Биыл да театр олжалы болған.

«Чуваш Республикасындағы Че­боксары қаласында қуыршақ теа­трларының арасында «Веселый карусель» атты үлкен халықаралық фестиваль өтті. Оған Ресей, Гер­мания, Корея, Жапония сынды дүниенің түкпір-­түкпірінен кел­ген ірі мемлекеттер қатысып, 24 спектакль сахнада қойылды. Біз «Күнше» спектаклімен қатысу­ға бел будық. Халықаралық дә­режедегі өнер сыншылары сахна төрінде көрсетілген спектакльдерге ғана баға қоймай, әртістердің қуыршақтарды жүргізу шебер­лігіне, қимылдарына, дауысына, киімдеріне, тіпті режиссердің қо­йылымды қалай қойғанына де­йін зерттеп, пікірлерін білдіріп, талқылады. Сыншылардың төр­ағасы – Израильдің театр сын­шысы Виктор Шрайман болды. Біздің қойылым осы өнер сын­шыларының жоғарғы бағасын алып, «Жоғары көркемдік орын­дау шеберлігі» дипломымен мара­патталды. Сондай­-ақ фестивальде кең көлемдегі форматта семинар­ форум өткізілді. Оған театрдың 7 маманы қатысып, кәсіби біліктілі­гін арттырып, әртістік шеберлігін шыңдап, сертификаттарға ие бол­ды», – дейді Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева.

Мамыр айында театр ұжымы Молдова елінде өткен фести­вальге қатысып, толағай табысқа қол жеткізді. 10-­нан астам театр қатысқан байқауға Маңғыстау қуыршақ театры режиссер Н.На­сырованың «Айжан әжейдің ер­тегісі» атты спектаклін қойды. Фестивальдің әділқазылары қо­йылымға оң бағасын беріп, театр қоржынына қос марапат салды. Ұжым «Үздік спектакль» номи­нациясында жеңіске жетсе, басты рөлді сомдаған театр актрисасы Бану Түстікбекова «Үздік актерлік шеберлігі» номинациясына қол жеткізді.

Ханым ҚУАТ