evkuacia улау көшіру

Кеше 21 мамыр күні тарақандарға зарарсыздандыру жүргізілген Ақтау қаласындағы бір үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға 3 шағынауданның 20 «а» үйінде болған, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«21 мамыр күні сағат 13.30 шамасында 101-ге 3 шағынаудандағы 20 «а» үйдің кіреберісі түтіндеп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына №8 өрт сөндіру бөлімшесінің екі АЦ-40 көлігі мен бір АЛ-30 өрт сөндіру техникасы жіберілді. Өрт сөндірушілер шақырылған жерге жеткеннен кейін пәтерлердің бірінде құрт-құмырсқа, жәндіктерді химиялық препаратпен улау жұмыстары жүргізілгенін анықтады», — деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметкері Гүлнар Ходжабекова.

Ақтауда тарақан улаған үйдің 15 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді

Өрт сөндірушілер пәтерлердің бірінен тұншықтыратын түтіннің шығып жатқанын байқайды. Түтін баспанасын зиянкес жәндіктерден тазартпақ болған пәтерден шыққан екен. Өрт сөндірушілер № 20 «а» үйдің бір кіреберісінде тұратын 15 тұрғынды сыртқа шығарады, қауіпсіз жерге көшірілгендердің 4-уі — балалар.

«Пәтер иесі келгеннен кейін 2 өрт сөндіруші ГТҚҚ апаратын киіп ас бөлмесі мен қонақ бөлмесінен 2 шелек улау құрылғысын далаға шығарды, пәтер мен үйдің креберісінің есік-терезелерін ашып, желдетіп, түтінді жою шараларын жүргізді», — деп атап өтті төтеншеліктер.

Ақтауда тарақан улаған үйдің 15 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді

Мамандар жәндіктерді уламастан бұрын зарарсыздандыру жүргізілетіні туралы көршілерге ескерту қажеттігін айтады. Мұндай препараттар аллергиялық әсер беруі, үйдегі жәндікті улау адам өліміне әкеп соғуы да мүмкін.

«Жәндіктерге улау жүргізердің алдында барлық көршіңізге ескертуді ұмытпаңыз. Өз шағынауданыңыздағы ПИК-ке және «101»-ге хабарлауды сұраймыз», — дейді төтеншеліктер.

Естеріңізге сала кетейік, 25 сәуір күні ақтаулық полицейлер 22 шағынауданды аралап жүріп, 16 үйден жағымсыз иісті сезіп, тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірген еді. Пәтердің иесі көршілеріне ескертпестен қандаланы улаған екен.

Дәл осындай жағдай былтыр Мұнайлы ауданында болды. Сол кезде қандаланы улау салдарынан 5 адам уланып, олардың екеуі көз жұмғанын жазған едік.

Суреттерді МО ТЖД ұсынды