кәсіпкер

Биыл тамыз айында үкіметтік емес ұйымдар мен бастамашыл топтарға шағын гранттар беру арқылы ауыл тұрғындарын әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге және өз ауылдарын көркейтуге белсене атсалысуға ынталандыру мақсатында конкурс жарияланған болатын. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның гранты аясында «Маңғыстау облысындағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру» жобасын «Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ жүзеге асырды. Облыс бойынша 10 грант, яғни 3 000 000 теңге теңдей бөлінді.

Жақында осынау грант аясында дөңгелек үстел өтті. Оны ашып жүргізіп отырған МОАА ЗТБ президенті Жібек Ахметова конкурсқа келіп түскен 58 өтінім арасынан жеңіп шыққан 10 жобаның жүзеге асырылу барысын ауылдарға барып, өз көздерімен көргендерін айтты.

— Қазақстанның көптеген аймақтарында жергілікті тұрғындардың жергілікті биліктің шешім қабылдау процессіне (ЖӨӨБ) қатысу белсенділігінің төмендігі байқалады. Аталған жағдай, ЖӨӨБ толық түсінбеу және бұл жөнінде толық ақпараттанбау нәтижесінде болуы мүмкін және бұл тұрғындардың өз ауылын дамытып, көркейтуге деген жауапкершілігінің төмендеуіне әкеліп соғуы мүмкін. ЖӨӨБ ауыл әкімдерінің тұрғындармен тығыз серіктестік орнатып, ауыл тұрғындарын шешім қабылдау процессіне белсенді қатыстыруды көздейді, алайда, бұл механизм іс жүзінде көрініс таппай отыр. Осыған орай, барлық мүдделі тараптардың әлеуетін көтеру және тұрғындардың өз ауылын дамыту бойынша белсенді араласу тәжірибесін көрсету қажеттілігі туындайды, — деді ол.

Ж.Ахметованың айтуынша, Маңғыстау облысының 5 аудан және Жаңаөзен қаласына жобалық басқаруға үйрету бойынша ҮЕҰ-дың әлеуетін арттыру және ауыл тұрғындарын жергілікті мәселелерін өздігімен шешуге ынталандыру мақсатында тренингтер өткізілген.

ҮЕҰ, өкілдері, ауыл әкімдері, мемлекеттік орган өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысқан басқосуда грант иелері әрқайсысы өздеріне бұйырған 300000 теңгені үш айда қалай жұмсағандары жайында баяндап, бейнероликтерімен нақтылады. Табысты жүзеге асырылған бұл жобалар — Таушық жастары – Түпқараған ауданының Таушық аулынан келіп тскен «SPORT-BUL DENSАÝLYQ TАÝShYQ STREET WORKOUT алаңы» жобасы, «Ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыру»қоғамдық қорынан — «Ауыл әйелдеріне қолдау көрсету орталығы» жобасы (Маңғыстау ауданы, Жыңғылды селосы), «Маңғыстау аудандық азаматтық бастамашылығы» қоғамдық бірлестігі — «Сулы қапы туристер үшін» жобасы (Маңғыстау ауданы, Шетпе селосы), «Қанағат жеке қайырымдылық қор — Ерекше жандарға — жаңа мүмкіндік» жобасы (Жаңаөзен қаласы, Қызылсай ауылы), «Жайдарлы» ЖММ — «Компьютерлік сауаттылық» (Бейнеу ауданы, Бейнеу селосы), «Түпқараған аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігі — «Бүлдіршіндер — біздің болашағымыз» жобасы (Түпқараған ауданы, Баутин ауылы), «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі — «Білімнің шыңы, зағиптың күні!» жобасы (Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылы), «Сыңғырлау жастары» — «Жарық ауыл» жобасы (Бейнеу ауданы, Сыңғырлау ауылы), «Біз біргеміз!» — «Мүгедек балаларға эколагерь» жобасы (Қарақия ауданы, Құрық ауылы), «Мәңгілік ел — Маңғыстау» ЖҚҚ – «Тоғыз құмалақ ұлттық ойынын жастар арасында дәріптеу» жобасы (Қарақия ауданы, Жетібай ауылы).

Сондай-ақ олар қорытынды дөңгелек үстелге қатысушылардың жобаға байланысты қойған сауалдарына жауап берді.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА