Трансплантациялау бағытының деңгейіне қарап елдегі медицинаның даму қарқынын білуге болады дейді мамандар. Алайда «ағза ауыстыру» дегенде көп адамның шошына қарайтыны жасырын емес. Мұны трансплантолог дәрігерлер де растап отыр. Сондықтан трансплантацияның түйткілді мәселесінің бірі – халықтың донор болуға құлқыны жоқтығы мен органның жетіспеушілігі.

Биыл елде 4 айдың ішінде өкпе, бауыр, бүйрек пен жүрекке 41 трансплантация жасалды. Әлі 2759 қазақстандық донор күту тізімінде тұр. Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының мәліметіне сүйенсек, 2320 науқастың бүйрегі ауырады, оның 67-і балалар. Ал 310 ересек пен  6 бала бауырын, 99 ересек, 15 бала жүрегін ауыстырғысы келсе, өкпесі ауыратын 8 адам донор күтіп отыр. Бұл туралы «Өмір сыйы» трансплантациядағы пациенттер қоғамы» республикалық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Ақтауда өткен халықаралық-аймақтық «Қазақстанның батыс аймақтарында ағзалық донор мәселелері» атты конференцияда айтылды.

Маңғыстауда осы күнге дейін мәйіт донорлығы болмаған

Қазақстанның батыс аймақтарында трансплантация мәселесінде қиындықтар бар екен. Бұл туралы Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының өкілі Бақыт Жарқынбеков айтты.

Маңғыстауда 60-тан астам адам бүйрегін ауыстыру үшін кезекте тұр (ВИДЕО)

«Еліміздің батыс аймақтарында донор мәселесі қиындау. Мәйіт донорлығы бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда артта қалып отыр. 2017 жылы солтүстік және оңтүстік аймақтары белсенділік танытса, батыс аймақта бірде-бір мәйіт донорлығы болмаған.

Ал 2018 жылы республика бойынша барлығы 87 мәйіт донорлығы болды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы 16, Алматы қаласы 15, Қостанай қаласы 12 мәйіт донорлығын ұсынса, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында мәйітті донор ретінде беруге келіспеген. Себебі қайтыс болған адамның органдарын алуға туыстары рұқсат етпеген. Сондай-ақ аймақта трансплантациялық үйлестірушілердің әлсіздігі және мамандардың жеткіліксіздігі де әсер етіп тұр.

Маңғыстау облысында 2017 жылы 18-62 жас аралығындағы 1358 науқастың 109-ы қайтыс болған. Сөйтіп 52,3 пайызды құраса, 2018 жылдың 10 айында қайтыс болғандар үлесі 66,7 пайызға өскен. Өңірде мәйіт донорлығы дамитын болса бұл көрсеткіштер айтарлықтай қысқаратын еді. Егер қайтыс болған адамдардың органын кезек күткен науқастарға салсақ, ауруынан айығуына көмектесер едік. Сондықтан да донор болудан қорықпаңыздар, ең болмағанда мәйіт донорлығына келісім беріңіздер. Елімізде донорға мұқтаж жандар көп», — дейді ол.

Маңғыстау облысы ауруханасының директоры Болатбек Қаюповтың айтуынша, облыста 60-тан астам адам бүйрегін, 20-дан астам адам бауырын, 10 адам жүрегін ауыстыру үшін кезекте тұр.

2017 жылы миллион адамға шаққанда Қазақстанда мәйіт донорлығының көрсеткіші 1,33 болған. Бір донор 8 науқасқа қайта өмір сыйлауға мүмкіндік береді. Мұны ескерген дәрігерлер халық арасында мәйіт донорлығы арқылы ағза ауыстырудың адам өмірін құтқаратын тиімді медициналық әдіс екендігін түсінгенін қалайды. Айта кетейік, әлем бойынша Испания мәйіт донорлығы арқылы ағза алмастырудан көш басында тұр. Ал Қазақстанда 2012-2016 жыл аралығында ағзаларды трансплантациялау көрсеткіші өскен, бірақ 2018 жылы 185 қана ағза алмастыру отасы өтіпті. Ал Бақыт Жарқынбековтың айтуынша, мұндай көрсеткіштердің құбылмалы болуы кез келген елде кездеседі.

Трансплантация саласын дамыту үшін не істеу керек?

Медицинаның қарқынды дамуы мамандардың біліктілігі мен құрал-жабдықтарының жеткілікті болуына байланысты. Қазақстанда донорлық органдардың тапшылығы байқалса да, ауруханалардың трансплантация орталықтарынан алыс орналасқанына қарамастан ағза ауыстыру саласы дамып келеді. Қазір басты трансплантациялық орталық Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Енді өзге де өңірлерде ағза алмастыру саласын дамыту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуі керек? Тірі және мәйіт донорлығын қалай көбейтуге болады? Бұл сұраққа Маңғыстау облыстық аурухананың басшысы Болатбек Қаюпов жауап берді.

Маңғыстауда 60-тан астам адам бүйрегін ауыстыру үшін кезекте тұр (ВИДЕО)

«Қоғам ресми медицина мен биомедициналық жетістіктерге сенімсіздік танытып, мәйіт донорлығы арқылы жүргізілген отаның табиғи емес екендігін айтады.

Біз ағза ауыстыру саласының алға жылжығанын қаласақ, елімізде медициналық туризм мәселелерін заңнамалық реттеу керек. Тірі және мәйіт донорларының туыстарына әлеуметтік көмек шараларын әзірлеу қажет. Сонымен қатар тірі донорлардың бірыңғай есепке алу жүйесін жүргізіп, Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының базасында арнайы мамандарды дайындап шығаратын мектеп ашу керек. Күту тізімінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін апта сайын ағза ауыстырған науқастар тізімін жариялап тұру маңызды. Қанда және бұрыннан бар антиденелерде иммуносупрессанттардың концентрациясын анықтауға арналған аспаптарды аймақтық қан орталығы сатып алуы тиіс. Сондай-ақ непрологтар, гастроэнтерологтар трансплантациядан кейінгі пациенттерге күтім жасау үшін сертификаттар берілетін арналған оқу курстарын енгізу керек», — дейді ол.

Трансплантологияның даму деңгейі — денсаулық сақтау саласының дамуы мен медициналық қызмет көрсетудің сапалық көрсеткіші. Елімізде бұған дейін трансплантациялық 10 орталық болса, қазір 6-ы ғана қалған. Алдағы уақытта донорлар мен алушыларды есепке алудың ақпараттық жүйесі енгізіліп, трансплантациялаудағы үдерістерді автоматтандыру жүзеге асырылмақ.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН