Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері тағы бір зымыран-артиллериялық кемесімен толықты. «Маңғыстау» атын иемденген  Қорғаныс Министрлігінің тапсырысы бойынша  Оралдағы « Зенит» зауытында жасалған төртінші кеме бұл. Ақтау теңіз портында әскери-теңіз базасының жеке құрамы  кеме туын салтанатты түрде көтеруге сапқа тұрды.

Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанзақов қатысты.

Аймақ басшысы кеме командирі, капитан-лейтенант Р.Яхьяровке Қазақстан Республикасы Әскери күштерінің Әскери-теңіз туын табыс етті. Әскери –теңіз туы және желбірету тулары көтерілді. Оркестр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.

— Қазақстанның халқы бақытты деп айтуға толық негіз бар. Дүние жүзіне танымал мемлекеттің қатарына ендік. Тәуелсіздікті алу бар да, тәуелсіздікті нығайту бар, қорғау бар. Осы ретте, әскери қуатымыздың артуы  маңызды. Қазақстанның әскери күштерінің дамуына  зор мән беріліп келеді. «Маңғыстау» кемесінің қатарға қосылуы –елеулі оқиға, Қазақстанның әскери күштерінің күннен –күнге күшейіп келе жатқандығының айқын көрінісі,-деді алғашқы болып сөйлеген өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы.

Салтанатты шарада ҚР Әскери күштері Әскери-теңіз флотының бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанзаков, «Зенит» зауытының бас директоры Вячеслав Валиев сөз сөйлеп, қуанышты сәтті бастан кешіріп отырған әскери-теңіз базасының жеке құрамына Отан күзетіндегі жауапты қызметте табыс тіледі.

Бұдан соң облыс әкімі «Маңғыстау» кемесінде болып, экипаждың  жұмысымен танысты.

— Бұл — Оралдағы «Зенит» зауытының Әскери-теңіз флотының пайдалануына  беріп отырған үшінші кемесі. Әрине, олардың сыртқы көрінісі ұқсас болғанымен қажетті озық құрылғылармен жабдықталуы бойынша әрқайысының өзіндік ерекшеліктері бар. Сәуір айында суға түсіріліп, өзенде, теңізде сынақтан өткен бұл кеме техникалық сипаттамасына сай екендігін көрсетті. Сынақ кезінде двигатель қуаты, су сыйымдылығы, жылдамдық алуы, қанша тәулік бойы жеке жүзе алатындығы, экипаждар үшін жұмыс жасауға қолайлығы ғана емес, осындағы қару-жарақ түрлерінің мүмкіндіктері де сүзгіден өтіп, жан-жақты тексерілді. Кемеде  экипаждың  теңіздің асты-үстін қырағы күзетіп, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындауына барынша мүмкіндіктер жасалған,-деді журналистерге берген сұхбатында ҚР Әскери күштері Әскери – теңіз флотының бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанзақов.

Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда киіктерді атып алған браконьерлер ұсталды

— Кәсіпорнымыз 1993 жылдан бері  кеме құрылысымен айналысып  келеді. Бүгінгімен  қосқанда   Қорғаныс істерінің жиырма жетінші тапсырысын  орындап отырмыз. Мұның ішінде төртеуі  Әскери-теңіз флоты кемесі. «Маңғыстауды» жасап, құрастыруға екі жыл уақыт кетті. Қызметкерлеріміз өздерін жүктелген сенімді жоғары жауапкершілікпен сезіне, ынта-жігерін, білімін, тәжірибесін сала, аянбай тер төкті. Екі жыл бойы ішінде жата-жастана еңбек етіп, «аяғынан» тұрғызып, жүргізіп, «тәй-тәй» бастырып, суға салып, «жүзуге» үйретіп, еншісін бөліп, шығарып салғасын баламыздай қимайтынымыз да рас. Қазір де толқып тұрмын,-деп «Зенит» зауытының бас директоры Вячеслав Хамзаұлы әңгімеге араласты.

Шынында да кемеде « кереметтің» бәрі бар екен. Облыс басшысының сауалдарына жауап берген «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі, капитан –лейтенант Руслан Яхьяров: «Экипажымыз толық. Теңізде жүзу, қару түрлерін қолдану, қарсыласқа тойтарыс беру тактикалары бойынша біліктілік сынағын тапсырды. Алда үлкен жауапты істер күтіп тұр» деді.

«Сәт сапар!» дейміз біз де…

Болат ҮМБЕТОВ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ