аитв житс

Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталықтың мамандары 85 000-нан астам адамды тексеруден өткізді. Соның ішінде 40 тұрғыннан АИТВ инфекциясы расталды. Бұл туралы орталықтың зертхана бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Ольга Таласбаева хабарлады.

АИТВ инфекциясы тексерілген 85 064 адамның 33806-сы амбулаторлық емханаларда тіркелген, оларда оң нәтиже жоқ. Босандыру ұйымдарында 968 әйел тексеріліп, бір оң нәтиже шықты, ал жүктілікті үзуге бағытталған 1155 әйелдің ішінде бір оң нәтиже берілді.

Ольга Таласбаева атап өткендей, өзінің АИТВ мәртебесі туралы білуі адамдарға дер кезінде өмірге қауіпті және ауыр аурулардың алдын алу үшін медициналық көмек алуға көмектеседі.

— АҚТҚ инфекциясы болған жағдайда кейбір аурулар, мысалы, мерез басқаша емделуі тиіс, — дейді ол. — АИТВ болған кезде иммундық жағдайды және басқа көрсеткіштерді бақылау өте маңызды. Бұл мамандарға вирусқа қарсы емді уақтылы тағайындауға және ЖИТС-тың дамуына жол бермеуге мүмкіндік тудырады. Қалай болғанда да, талдауды жүргізу  өз денсаулығының жағдайы туралы білу негізінде өзінің одан арғы өмірі туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Ерікті тексеруден өтумен қатар АИТВ инфекциясының бар-жоғына анонимді және міндетті түрде тексеруден өту де бар. Көптеген адамдарға тесті жасырын жасаған ыңғайлы.

Мұндай адамдар үшін арнайы әзірленген тестілеу алгоритмі бар. Жасырын тексеру кезінде зерттелетін адамға бірегей сәйкестендіру коды беріледі. Тексеру шұғыл-тест арқылы жүргізіледі. Шұғыл-тест нәтижелері бойынша тестілеу нәтижесі туралы ауызша ақпараттандырумен тестіден кейінгі кеңес беру жүргізіледі. Шұғыл-тест нәтижелері бойынша АИТВ инфекциясының болуы немесе болмауы туралы қорытынды берілмейді.

Клиникалық және эпидемиологиялық айғақтар бойынша тексеруге донорлар мен реципиенттер, АИТВ жұқтырғандардың және ЖИТСпен ауыратын жыныстық серіктестері, халықтың осал топтары, сотталғандар, медициналық персонал, әскери қызметке шақырылған адамдар, хирургиялық отаға жіберілетін науқастар, жүкті әйелдер жатады.

— Жүкті әйелдерде АИТВ инфекциясын диагностикалауға ерекше назар аударғым келеді. Бұл олар үшін міндетті болып табылады және есепке қою кезінде, 28-30 апта мерзімінде жүргізіледі, яғни екі рет тексеруден өтеді. Осылайша, АИТВ балаға жүктілік кезінде жұқпаудың алдын алады. АИТВға зерттеу нәтижесі болмаған әйелге баланы кеудесіне салуға рұқсат берілмейді, — деді Ольга Таласбаева.

Өзінің денсаулығына немқұрайлы қарамайтын кез келген адам мына мекенжайда орналасқан облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталыққа хабарласа алады: Ақтау қаласы, 3ш/а., 170-ғимарат.
Е-mail: spid_aktau@mail.ru
Телефон: +7 (7292) 50-73-62, сенім телефоны: +7 (7292) 50-40-49.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА