Өткен аптаның сенбісінде қаламыздың орталық стадионында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жалпыұлттық «Денсаулық фестивалі» өтті. Әмин Тұяқов атындағы стадионға мыңға жуық қала халқы жиналып, дене жаттығуларын жасады.

Шарада қала әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов сөз алып, бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— «Дені саудың – жаны сау» дейді қазақта. Сол себептен, біз жастарға салауатты өмір салтын үйретіп, спортпен айналысуға шақыруымыз керек, насихат жұмыстары тоқтамауы тиіс. Дені сау адам ешқашанда ауырмайды, — деді қала әкімінің орынбасары.

Қаламызда соңғы уақытта қолданысқа берілгендерін қоса есептегенде 30-ға жуық спорт алаңы бар. Теңге мен Қызылсай ауылдарының мерекесіне орай іске қосылған шағын футбол алаңшалары түнгі уақытта қолдана беру үшін  жарық шамдармен қамтамасыз етілген. Спортпен айналысам деушілерге кешкі уақытта қаладағы орта мектептердің залдарын пайдалануға рұқсат етілген.

Фестивальда ел Әнұраны орындалып, ҚР еңбегі сіңген киокушинкай-каратэ үйірмесінің жаттықтырушысы Алдаберген Дүйсекеновтің жетекшлігімен жаттығулар жасалды. Көңілді сергітерлік әндер шырқалып, би биленді. Денені қыздырып алған соң, акцияның ең қызықты сәті – қатысушылардың гір көтеру, арқан тартыс, қол күрес, жіппен секіру сияқты ойындарға қатысып, күш сынасуы болды. Үш сағатқа созылған фестиваль соңында жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен марапатталып, сыйлықтар алды.

Берік Ахметов, №2 БЖСМ директоры:  Қаламызда «Энергетик» спорт кешені, Р.Өтесінов атындағы спорт кешені және Ә.Тұяқов атында стадион бар. Осы жерлерге келіп, бес жастан жиырма бес жасқа дейін тегін спорт түрлерімен айналысуға болады. Алдағы уақытта Рахат ауылынан спорт кешені ашылады, ауыл балалары қалаға қатынамай сол жерден жаттығуға мүмкіндік туады.

Жанайым ЖАРЫЛҚАП