Маңғыстау ауданынан «Әр қазақ – менің жалғызым» атты ұранымен бастау алған қайырымдылық акциясының эстафетасы Мұнайлы ауданында оң жалғасын тапты. «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының бастамасын Мұнайлы ауданы әкімдігі және «Миғраж» мешіті жанындағы «Үммет жастары» қайырымдылық қорының қолдауымен Батыр ауылдық округіндегі Алматы шағын ауданы, 8 көше, 67 үй мекенжайында жаңа тұрғын үйдің іргетасы асарлатып құйылды.

Қайырымдылық шараға аудан әкімі Рахат Елтизаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Бердібек Назар, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Табылды Әміров, «Нұр Отан» партия­сы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұқанжан Камалов және аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшы­лары, ауыл мен ауылдық округ әкімдері, мекеме жетекшілері мен қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық, аудандық мәслихат депу­таттары, қайырымдылық қорының мүшелері, аудан ақсақалдары қатысты.

Ұлттың тұтастығы мен бірлігін ту еткен қайырымдылық акциясында аудан әкімі Р.Елтизаров сөзге шықты. Ол өз сөзінде «Бүгін­гі қайырымдылық акциясы елдің бірлігі мен ынтымағын паш ететін шара. Бұл тұрғызылып жатқан тұрғын үй тұрмыстық жағдайдан қи­налған отбасына әділ шешіммен беріледі. «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының бұл бастамасы көптің көңілінен шығып отыр деп ойлаймын. Өйткені қазақ хал­қы жесірін жылатпаған, жетімін өзгеге телмірт­пеген халық ғой. Сонымен бірге халқымызда «Көп түкірсе, көл» деген дана сөз бар. Сол айтқандай, осы салынғалы тұрған тұрғын үйге ауданымыздың қайырымды жандары бірінен соң бірі қол ұшын, қаржылай көмегін беруде. Мұның өзі елдің ынтымағын айқын дәлелдейді. Мұндай тұрғын үйлерді салу ісі алдағы кезде де жалғасын табатын болады», – деді.

«Әр қазақ – менің жалғызым» акциясы Мұнайлыда жалғасын тапты

Асар – бірлік пен ынтымақтың, бауырмал­дықтың рухани қайнар көзі. Жалпыхалықтық асарда аудан басшысының ел-­жұртқа арнаған жүрекжарды сөздерінен кейін аудандық мәс­лихаттың хатшысы Б.Назар, «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары М.Камалов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Т.Әміровтер сөзге шығып, атқарылып жатқан игі іске алғыстарын айтып, осындай өзге жұрт сүйсінетін бастамалар ел ішінде молынан бола беруін тіледі. Көпшілік қауым жүректен жүрекке жететін аталы сөздерге ризашылықтарын біл­дірді.

Асар жиынында Бекет атаның ұрпағы, Ба­тыр ауылының тұрғыны Бердіхан Сандыбеков те сөзге шығып, ел-­жұрт болып ұйымдасып, жақсы тірлікті қолға алған мұнайлылықтарға өз алғысын айтты. Көпшілікке арнап бата беріп, салынғалы жатқан жаңа үй зәру жанға қуа­ныш сыйласын дегенді жеткізді. Асар жиыны­ның соңында садақа малы сойылып, мұқтаж жандарға еті таратылды.

Жиыннан кейін көпшілік қауым қолдарына күрек алып, арнайы дайындалып келген бетонды құюға белсене қатысты. 20х10 метр көлемдегі үй іргетасына екі автомашинамен бетон бірінен соң бірі құйылды. Мұнда қарап тұрған жан болмады. Бірі бетонды нығыздаса, бірі бетін тегістеді. Не керек, үлкен-­кіші жұ­мылған асарда екі сағат шамасында үйдің ір­гетасы құйылды. Мұның өзі елдің сауапты іске деген құлшынысын көрсетсе керек.

Жүзден аса асаршылар қатысқан игі істе арнайы садақа салу жәшігі қойылған болатын. Оған келушілер өз аттарынан садақаларын са­лып, ниеттерін білдіріп жатты.

– Бұл игі бастама алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Бүгінгі іргетасы құйылған үй желтоқсан айына дейін бітіп, тұрғын үйге зәру отбасына табысталады. Бұл мәселе арнайы құрылған комиссияның шешімімен шешіледі, – дейді «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұқанжан Камалов.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бе­керден­-бекер айтылмаса керек. Ел тәуелсізді­гін алған жылдар ішінде бой көтерген мерей­лі мекен – Мұнайлы ауданында ел сүйсінетін қайырымдылық шаралары тоқтаусыз жалғасып келеді. Қолынан келген көмегін аямаған жаны жомарт жандар ел ішінде баршылық екен. Соның жарқын дәлеліндей болған Батыр ауы­лында өткен асарлы іс. Бұл бастамаға көпші­лік сүйсінеді. Ертеңгі күні бір жанұя қуанышқа бөленеді. Мұның өзі сауапты істің ең бастысы болса керек.

Елім дейтін, жұртым дейтін жандардың жарқын ісі осылай болуы керек. Бұл елдің тұтастығын, ынтымағы мен бірлігін нығайтады. Елдің көркеюіне сеп болады. Осындай жан жа­дыратар істеріміз алдағы кезде де көп болғай!

Д.ХАНСҰЛТАНҰЛЫ