врач дәрігер доктор медик vrach dariger doktor medik

Келесі жылдың қаңтарынан бастап, медицина саласында жаңа реформа жүзеге асады. Биылғы 18 маусымда Қазақстан Үкіметі алдағы жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК және МӘМС) аясында көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті. Мұның тұрғындар үшін  қаншалықты тиімді боларына көз жеткізу мақсатында «Әлеуметтік Медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалының директоры Бақыт ИСМАХАНБЕТОВПЕН әңгімелескен едік.

— Бақыт Торғайбайұлы, алдымен, «сақтандырылғандар» мәртебесін кімдер иеленетінін айтсаңыз.

Медициналық сақтандыру: 2020 жылы қандай өзгеріс күтіп тұр?

— 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін енгізу кезінде әлеуметтік тұрғыдан осал халықтың 15 санаты заңмен анықталған. Бұл адамдар, шамамен 10,9 миллион адам, мемлекет тарапынан сақтандырылады. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша,  дербес төлеушілердің саны шамамен 1 миллион адамға жетіп отыр. Осы 1 миллион адамның ішінде 770 мыңы–ресми жұмысқа тіркелмей, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Олар, мысалы, асаба, фотограф, жеке репетитор, жеке бала күтуші сияқтылар. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға салық төлеу режимінің жаңа түрі–Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Оның ай сайынғы төлем мөлшері қала тұрғындары үшін 2525 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1263 теңге. Бірыңғай жиынтық төлемнің 40% медициналық сақтандыру қорына аударылады. 6 миллионнан астам қазақстандықтар–ай сайын жарна аударып, сақтандырылған азаматтар, яғни, олар жұмыс берушілер мен жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен халықтың 94,5 пайызын қамту жоспарлануда» деген болатын. Олай болса, келесі жылы елімізде 94,5 пайыз сақтандырылған азаматтар болады деуге негіз бар.

— Жақында ғана Қазақстан Үкіметі 2020 жылдан бастап көрсетілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енетін қызметтер тізімін бекіткенін білеміз. Осы орайда денсаулық сақтау саласын қандай өзгерістер күтіп тұр? Сақтандыру жүйесі елімізге не береді?

— Әңгімені басынан бастайық. Елімізде қазір кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында (ТМККК) тұрғындар тегін ем-қызмет түрлерін алып отыр. Ал осы тізімде жоқ қызметтерге науқас өзге де медициналық қызметтерді, егер әлеуметтік осал топқа жатпаса, өз қалтасынан төлейді. Ал келесі жылы ТМККК пакетінен бөлек, сіз айтқан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті қатар енеді де, тұрғындардың қалтасынан шығатын қаржы үнемделетін болады. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар?» дегіңіз келеді ғой. Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы да, міне, осында.

— Сонымен, сақтандырылған азаматтар қай қызмет түрлерін тегін алады?

— МӘМС пакетіне: кеңес-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, ТМККК енгізілмеген сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ТМККК пакетіне жатпайтын жағдайларда жоспарлы стационарлық және стацинарды алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтымақ. Сондай-ақ, бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сияқты қызметтер кіреді. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-талдама сынды қызметтер де енгізілген.

— Халық арасында сақтандырылмаған азаматтар барлық қызмет түрлерінен қалыс қалып қояды деген қауіп те жоқ емес…

— Бұл — қате түсінік. Еліміздің барлық азаматтары пайдалана алатын ТМККК пакеті осы жылғыдай жалғаса береді. Яғни, кез-келген азамат, мейлі ол сақтандырылған болсын, сақтандырылмаған болсын, жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек түрлерін ала алады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен созылмалы аурулардың негізгі түрлерімен ауыратын тұрғындар осы пакет аясында кеңес-диагностикалық көмекпен, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, туберкулезге шалдыққандарды оңалту қызметі де осы пакетке кіреді.

— Демек, келесі жылдан бастап медицинада 2 пакет қатар жүреді. Барлық тұрғындар үшін – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және сақтандырылған азаматтар үшін – әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл пакеттегі тізімдер қалай жасақталды?

— Пакеттердің жаңа үлгісін дайындау барысында министрлік бір жарым жыл бойы денсаулық сақтау саласы өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеді. Қызметтерді сатып алу, ақы төлеу, мониторинг процесін жүзеге асыру тетіктері, барлығы жан-жақты талқылана отырып, тізімдер бекітілді. Жаңа пакеттер биыл күзде еліміздегі аймақтардың бірінде тәжірибе ретінде іске қосылады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бұл жүйенің осал тұстарын тауып, проблемаларды 2020 жылға дейін, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізгенге дейін шешуге мүмкіндік береді.

— Келесі жылы жаңа реформа енеді. Осы реформаны жүзеге асыру үшін қосымша қаржы көзі қайдан келеді?

— Орынды сұрақ. Әлеуметтік Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржы операторы саналады. ТМККК шеңберінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтер бюджет қаржысы есебінен, ал МӘМС пакетіне енетін қызметтер Қордың активтері есебінен сатып алынады. Қазіргі таңда Медициналық сақтандыру қорына Қазақстан бойынша 176,7 миллиард теңге көлемінде жарна аударылды. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС шеңберінде көрсетілген қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады.

— Ал Маңғыстаудан Қорға қанша жарна аударылған? Өңір тұрғындарының  медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға белсенділігі қандай?

— Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 мамырына дейінгі аралықта Маңғыстау облысынан  жинақталған жарнаның жалпы сомасы–9,014 миллиард  теңге. Биылғы мамыр айында Маңғыстаудан 459 миллион теңге жарна түскен. Аймақтық тұрғыдан алғанда, біздің облысымыз жарна төлеуден республика бойынша 7-орында тұр.

— Бүгінде Маңғыстауда қайсы мекемелер тегін медициналық қызмет көрсетіп отыр?

— Маңғыстауда тұрғындарға ТМККК аясында 51 медициналық ұйым қызмет көрсетіп отыр. Биыл Қордың жергілікті филиалымен 25 жеке клиника, 27 мемлекеттік емхана келісім-шарт орнатты. Филиал облыстың медицина ұйымдарына халыққа көрсетілген қызмет үшін бес айдың қорытындысы бойынша 12,7 миллиардтай теңге төлеген. Бұл бір жылға бөлінетін қаржының 49 пайызы.

— Сұхбатыңыз үшін рахмет.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА