Өңірімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) жаңа өкіл имамы, облыстық Бекет ата мешітіне бас имам келгелі бір айдың жүзі болды. Бұл жаңалық сайтымызда жарияланғанымен, жалпы жамағаттың Әнуар Ізімбайұлы ЕЛЖАНОВ жайында жақынырақ білгісі келетіні анық. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс, үш көрген туыс» демекші, Маңғыстау жамағаты ұйып жүрген имам туралы ол кісінің өзінен сұрап, сұхбаттасқан едік.

— Екі қазақ кездессе, алдымен қай елден екенін сұрасып жататыны бар ғой. Қайсы жерлерде қандай білім алғаныңызды да айта отырсаңыз.

— Түркістан облысының тумасымын. 1996 жылы Жетісай ауданының Атамекен ауылындағы Әуезов атындағы орта мектепті бітіргенмін. 15 жасымнан ауыл молдасы ұлты қырғыз Зұлқарнай молдадан дәріс алдым. 5 жыл бойы сол кісіде оқып, арабша хат таныдым. Ал 2000 жылы Шымкент қаласыдағы Ислам институтына оқуға түсіп, 2004 жылы бітірдім. Сосын Шардара ауданындағы Қазақстан аулындағы мешітке имам болып тағайындалдым. Екі жыл имамдықтан кейін Алматыға қоныс аударғанымда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі Алатау ауданының «Заря Востока» шағын ауданындағы мешітке бас имам етіп жіберді. Осында жүріп, қасиетті Мекке жеріне барып, қажылық парызымды өтеп келдім. 2007 жылы «Нұр-Мүбарак» университетіне шәкірт болып қабылдандым да, 2010 жылы Мысыр Араб Республикасының Александрия қаласындағы араб тілін дамыту орталығында білімімді шыңдадым. 2011 жылы «Нұр-Мүбарак» университетін бакалавр, бір жылдан соң магистрлік деңгейде аяқтадым. 2015 жылдан бастап ҚМДБ жанынан ашылған халал өнімдерді стандарттау бөліміне маман болып ауыстым. Кейін Алматы қаласы бойынша жауапты өкіл болдым. Көп ұзамай Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ЖШС директорының орынбасары болып, биылғы қаңтар айында осы серіктестіктің директорлығына тағайындалдым. Алланың қалауымен Маңғыстаудың дәм-тұзы бұйырған шығар, қазан айында осында келіп қалдым.

— Жаңа қызметіңізге Алла береке берсін. Маңғыстаулықтармен танысып қалған боларсыз?

— Иә, танысып-білісіп жатырмыз. Тарихы бай бұл өңірді халық киелі өлке деп атайды. Осындай жерде жұмыс істеу мені үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік те. Ақсақалдардың айтуы бойынша, осында 100-ге жуық мешіт болған көрінеді. Қазір 35 мешіт бар Маңғыстауда. Осы мешіттердің санын 100-ге жеткізіп, халықтың мешіттерін өзіне қайтарсақ дейміз. Сөйтіп, осында ғұмыр кешкен бабаларымыздың жолдарын жаңғыртып, имандылықтың ордасы болған мешіттер мен медреселер халыққа қызмет етсе, елдің тұтқасын ұстар иманды азаматтар тәрбиелеп шығарсақ деген арман-мақсатымыз бар. Жастардың барлығын имам-молда етіп шығару емес біздің міндетіміз. Ұл-қыздарымызды өз тарихымызбен тәрбиелеп, рухани жігерлендіруіміз керек. Небір білімді имам-молдалар өткенін білгені дұрыс ұрпақтың. Өз тарихын, ата дінін танып өскен бала жат ағымдардың құрбаны болмайды.

— Жат ағымның алдын алудың бір жолы — дәстүрлі дінімізді балалардың санасына сіңіру дейсіз ғой. Ал адасқан қаракөздерімізбен қандай жұмыстар жүргізіледі?

— Әлбетте. Жат ағымдар жетегінде жүрген жастар еліміздің қай өңірінде де бар екенін жасыра алмаймыз. Оларды дәстүрлі дінімізге қайтару үшін қолдан келген шаралардың барлығын қолданып жүрміз және қолдана береміз де. Ондай жастарды спорт ойындары сияқты көпшілік шараларға кеңінен қатыстыруға, жанын түсініп, әңгімелесіп, өз ортамызға қоссақ деген ниеттеміз. Бұл жастардың барлығы да өз балаларымыз, өз бауырларымыз. Оларды кеудеден итеріп, бөліп тастағаннан ештеңе ұтпаймыз, керісінше ұтылмасақ. Қазан айында ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен өткен ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. Онда «Жеті рухани қазына» Тұғырнамасы, «Діни рәсімдер тізілімі» құжаты қабылданды. Форумның жалғасы қарашаның 22-де Ақтауда өтеді. Осынау ауқымды шараны ұйымдастырудағы мақсат та сол, елдің рухани дамуына үлес қосу үшін имамдардың жұмысын жетілдіру, тарихи, тәлім-тәрбиелік шаралардың маңызын арттыру сияқты маңызды мәселелерді айқындау.

   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

АлдыңғыҰмыт қалған ұлттық тағамдар насихатталды
КелесіАқтауда ауа температурасы төмендейді
Валентина Қозыбақова
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, халықаралық телестудия мектебін бітірген. Түрікменстанда қазақ тілінде шығып тұрған «Жұмысшы» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Маңғыстау облыстық телеарнасында радио-тележурналист, республикалық «Қазақстан Заман» газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі.