Соңғы кездері Жаңаөзен қаласында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты қарқын алуда. Солардың бірі – аралас жекпе-жек. Оның даму жолына түскендігін спорттың каратэ, панкратион, кикбоксинг, күрес сияқты түрлерінен жүлделі орын иегерлерінің шығуы осы аралас жекпе-жектің жақсы жолға қойылғандығын айғақтайды.

Мысалы, не бары 6 жас­тағы спортшылардан Зауырбек Юсупов, Абдулла Жарқын тек Жаңаөзеннің ғана емес, аймақтың арын арлап, Маңғыстаудың намысын қорғап, республиканың қола ме­даль иегерлері атанды. Сондай-­ақ жасөспірімдер мен ересектер ара­сынан шыққан аралас жекпе-­жек­тің майталмандары да жеткілікті. Олардан – Қазақстан жастары ара­сындағы бәсекеде топ жарып, чем­пион атанған М.Мохаммад, Әлібек Кужбаевтар да бар. Олардың бірінің жасы 16­-да болса, екін­шісінікі – 22­де.

Жалпы Жаңаөзеннен шыққан белгілі бапкер жігіттердің бір­ қатары облыс орталығында жүр. Олардың Ақтауда жүрулерінің әр түрлі объективті және субъективті себептері көп. Дегенмен ең басты мәселе – жастарды жаттықтыратын орын. Яғни спорт залы. Сол үшін ММА-­шылар заманауи спорттық құрал­-жабдықтар мен өз алдына жеке жаттықтыру залының болула­рын көп жылдардан бері армандап келген.

Олардың көптен күткен осынау армандары жақында орындалды. Қаладағы кәсіпкер апаларының арқасында заманауи спорттық құрал­-жабдықтарымен жасақтал­ған, балалар жаттығатын әдемі спорт залға қолдары жетті. Оған жалындаған жаңаөзендік  жас­тар «Adai Fight Club», яғни «Адай жауынгерлік клубы» деп ат қойды. Бұл – Жаңаөзен жаста­рының кіндіктерінің қаны тамған, өздері өсіп, тәрбиеленіп жетілген қаласына деген шексіз құрметі, туған жер топырағына деген сү­йіспеншілігі, киелі мекен, қа­зыналы түбегіне деген патриоттық сезімі.

Өткен сенбі күні осы клуб сал­танатты түрде ашылып, балауса, балғын сәбилерден бастап 200-­ге жуық жас спортшыларға есігін айқара ашты. Клубтың ашылу салтанатында қала әкімінің орын­басары Ғалым Байжанов, Арман Оспанов, Нұрлан Жәриев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі Ақиқат Шарафатдинов, спорттың бірнеше түрінен әлем чемпио­ны, Азияның екі дүркін чемпио­ны Сұңқар Арман, тағы басқалар шығып сөйлеп, құттықтады. Әрбір шығып сөйлеушілерден кейін өнерпаздар құлақтан кіріп бойды алған әсем ән, мың бұралған би мен көңілге түрлі ой салған күйлерден шашу шашып, тұздықтап отырды.

Дәстүрлі лента қиылды. Жи­налған жұрт залдың ішіне кіріп заманауи тренажерлар мен ММА рингін және басқа да спорттық құрал­-жабдықтармен танысты. Жас спортшылардың өнерлерін та­машалады.

Біз осы жерде осынау спорт клубының дүниеге келуіне себеп­кер болып, демеушілік жасаған Сәуле Сарыева мен Жаңаөзен қаласындағы аралас жекпе-­жек спорт түрі бойынша бас бапкер Асылбек Исмағанбетовті әңгімеге тарттық.

– Сәуле Сағынқызы, сіз нәзік жанды әйел адамсыз. Өзіңіз жеке кәсіпкерсіз. Сондықтан спортқа, соның ішінде қиындығы мен қауіп-қатері қатар жүретін аралас жекпе-жекке демеушілік жасап, көмек бердіңіз. Сонда сіз аралас жекпе-жекке қызығасыз ба? Әлде жанкүйерісіз бе немесе басқадай себептері бар ма? Мұндай шешім қабылдауыңызға қандай жағдайлар түрткі болды?

– Мен 2005 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып келе­мін. Жаңаөзеннің бірнеше жерін­де сауда дүкендерім бар. Әйтеуір еткен еңбегімізге қарай құдай беріп, тұрмыстан таршылық көріп жатқанымыз жоқ. Сондықтан қол­дан келгенінше, мүмкіндігіміз болғанынша жетпестерге демеуші болудан, мүжәлсіз жандарға қайырымдылық жасаудан бойымызды аулақ салмадық. Шынымды айт­сам, менің ұлым Әлібек – Үрпеков спортшы. Осы аралас жекпе-­жек­ пен айналысқан чемпион. Жасы 35­те. Отбасылы, балалы-­шағалы. Осы баламның қызығушылығы маған да түрткі болды. Жаңаөзенде заманауи спорт кешені жоқ. Бүгінгі таңда сол аса қажет болып тұр де­гесін қол ұшымды созып, көмек беруге бекіндім. Бұл – бір. Екіншіден, қазір маңғыстаулықтар үшін көп жағдайлар жасалып жатыр. Соның бірі – «Нұр капитал» мем­лекеттік бағдарламасы бойын­ша берілетін 1%-­дық несие бар емес пе? Сол өте жақсы болды. Бірақ ол бапкер, жаттықтырушы, спортшыларға берілмейді. Оны алу үшін жеке кәсіпкер болу керек. Сондықтан осы бағдарлама бойын­ша тиісті құжаттарды рәсімдеп, банктен 7 млн. теңге несие алдық. Соған қосымша өз қалтамыздан тағы 15 млн. теңге қаржы қостық. Себебі клубқа қажетті спорттық құрал-­жабдықтардың бәрін Мәс­кеуден алдырдық. Балалардың денсаулығына зиянсыз, сапасы жоғары ресейлік дүние болған­ дықтан бағалары да соған сәйкес қымбат. Төзімділігі де жақсы. Үшіншіден, мынау жалға алған ғимаратымызды талапқа сай күр­делі жөндеуден өткіздік.

– Демек, клуб коммерциялық бағытта жұмыс істейтін болады ғой?

– Әрине, солай. Жалға алған ғимаратымыздың ақысын да тө­лейміз. Мемлекеттік салықта бар. Барлық коммуналдық қызметтің құны мен қызмет ақылары да біздің мойнымызда. Мынау бап­кер, жаттықтырушыларға да жа­лақы беруіміз керек. Сондықтан бұл жерге келіп жаттығатын спортшылар үшін де қызмет тө­лемді. Төлемақысы аса қымбат емес, қолжетімді. Айына 7–10 мың теңге аралығында болатын шығар. Сосын осы жерге бапкер, жаттықтырушылардан бөлек 5-­6 жұмысшы аламыз. Егер жаттығуға мүгедек балалар қатысатын болса, спортшы болуды армандап осында келетіндерін тегін қабылдаймыз.

– Асылбек Рахманбердіұлы, сіздің каратэден бұрыннан балаларға сабақ беретініңізді білеміз. Енді осы жаңадан ашылған спорт клубының бас бапкері ретінде өзіңіз де шәкірт дайындап жатыр екенсіз. Өзіңізден басқа бұл жерде қанша бапкер, жаттықтырушылар бар? Жалпы клубта бүгінгі таңда қанша бала жаттығып тәрбиеленіп жатыр?

– «Адай» жауынгерлік клубы­мыздың 400 адамға дейін қабыл­дауға мүмкіндігі бар. Қазір бес топқа бөлініп, 200-­ге жуық бала қатысып, жаттығып жүр. Жас ерекшеліктері 6 жастан бастап 22­-23 жас аралығына дейінгілер. Құдайға шүкір, аралас жекпе­-жек­ке мектеп оқушылары арасында қызығушылар өте көп. Әрине, бұл көңіл сүйсіндіреді. Себебі бала бұл жерде де тәрбиеленеді. Қолдарының бос уақыттарында жағымсыз қылықтарға араласпа­уына да көп ықпал етеді. Әзірше қасымда өзімнен басқа екі бапкер бар. Алдағы уақыттары Ақтауда жұмыс жасап жүрген жаңаөзендік жаттықтырушыларымыз да осын­да келіп, қосымша жұмыс іс­тейтін болады. Жалпы клубқа алған кез келген баланы әуелі оқытамыз. Ақыл-­кеңестерімізді айтамыз. Үйретеміз. Мұндағы мақсат – Жаңаөзеннің әрбір жа­сын спортпен шұғылданған, шы­мыр денелі, денсаулығы мықты, елін, жерін сүйетін патриот аза­мат болып жетілдіру. Әр түрлі жарыстарға қатысып, чемпион болып, туған жердің намысы үшін тер төгіп, қызмет ету. Ал оқытып тәрбиелегенде бұл жерден үйренген әдіс­-тәсілдерін көшеде жүріп қолдануға қатты тыйым са­лынатынын түсіндіру. Өйткені бо­йындағы қызығушылықты, спорт­қа деген құлшынысты пайдасыз нәрселерге жұмсауға, пайдалануға болмайды.

Біздің клубымыз Жаңаөзен қа­ласында ашылғанымен ұлттық спорт жекпе­-жек түрінен біздер – Маңғыстау облыстық спорт клубының филиалымыз. Ақтауда Арман Әбілдә деген президентіміз бар. Біз солардың қарамағында жұмыс жасаймыз. Сондай­-ақ облыстық аралас жекпе-­жектің де филиалымыз. Ол жердегі Нұрбек Мұңлықов, Нұрбек Қарабалаев, Азамат Сабилов деген жігіттердің басшылығымен, көмегімен осын­дай дәрежеге жеттік. Осы клубты жөндеп, қажетті спорттық құрал­-жабдықтарды алып, бізге қолайлы жағдай жасап берген апайға да алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазақта «Бірдің абыройы – мыңның абыройы» деген сөз бар. Сол үшін Жаңаөзеннен шыққан әрбір жас чемпион – бәріміздің абыройымыз, баршамыздың мақта­нышымыз болмақ. Сондықтан ата­-аналарға да айтарым, балаларыңыз бос уақытын тиімсіз өткізбесін. Пайдалы іспен айналыссын. Ол – өздеріңізге де, балаларыңыздың келешегіне де жақсы. Сол үшін біздің клубқа алып келіңіз. Мы­нау биылғы «Жастар жылын­дағы» қаламыздың жастарына кәсіпкерлеріміз тарту еткен тарал­ғыдан тартынбай пайдаланып, тарландарыңыздың тағдырын таң­даңыз демекпін.

Сұхбаттасқан Мұратбай ҰЛЫҚПАН