Апта басында облыс әкімдігінде әдеттегідей аппарат жиыны өтті. Облыстың жаңа басшысы Серікбай Трұмовтың қатысуымен өткен жиында қауіпсіздік, еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары бойынша және алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы туралы, сонымен қатар медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері туралы мәселелер қаралды.

Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыста мемлекеттік еңбек инспекторларымен 200-дей тексеру жұмыстары жүргізілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға көп. Тексеру барысында 304 заң бұзушылық, оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 224, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында 75-і анықталған. Тексеру қорытындылары бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларымен 139 нұсқама беріліп, 66 айыппұл салыныпты. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы негізгі заң бұзушылықтар – жеке қорғаныш құралдарымен және қауіпсіздік еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеу.

«Басқарманың бақылауында өндірістік жарақат мәселесі де тұр. 2019 жылдың 5 айында облыстың кәсіпорындарында жазатайым оқиғалардың нәтижесінде 23 адам зардап шекті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,3 пайызға төмен. Нәтижесінде жазатайым оқиғалардың салдарынан 22 адам ауыр жарақат алып, 1 адам қаза тапты. Бұл жағдайлар мұнай-газ саласының кәсіпорындарында көп орын алды. Жазатайым оқиғалардың салдары көбінесе жол-көлік оқиғасының салдарынан болып отыр. Мәселені жою бойынша арнайы іс-шаралар әзірленді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылау бойынша өндірістік жарақат көп алған ең қолайсыз кәсіпорындар анықталды. Олар бойынша нақты шаралар қолға алынды», – деді МО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Дүйсенов.

Жалақы бойынша берешектерге қатысты, бүгінгі күні Маңғыстау облысы бойынша 12 кәсіпорын 399 қызметкерге 102,4 млн.теңге қарыз. Осы кәсіпорындардың ішінде 2 кәсіпорын, яғни «Ынта» ЖШС мекемесі 242 жұмысшыға 21,7 млн.теңге, «Маңғыстау Ұлан» ЖШС 32 қызметкерге 1,5 млн.теңге қарыз. Ал қалған 125 қызметкерге 79,2 миллион теңге берешек болған 10 кәсіпорын тоқырауға ұшыраған.

«Аталған екі кәсіпорын бойынша айта кететін болсам, «Ынта» ЖШС бойынша қала әкімдігі және «Маңғыстау Ұлан» ЖШС бойынша Қарақия ауданы әкімдігі қаражат көзін толық төлейтін болса, қызметкерлерге берілетін берешек өтеледі. Ал тоқырауға ұшыраған мекемелер бойынша Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті айналысады»,– деді Ш.Бауыржанұлы.

Бұл бойынша облыс әкімі С.Трұмов жұмысшыларға берілетін еңбекақы мәселесінің маңызды екенін айта келе, орын алған мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Кезекті екінші мәселе – 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтетін тест – ҰБТ. Бұл бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев айтып өтті.

«Облыс бойынша биыл 5596 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 4298-і ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Жалпы ҰБТ облыс бойынша 4 жерде өтеді. Біріншісі, Ақтау қаласындағы Ш.Есенов университетінде, онда 2304 бала тапсырады, екіншісі, Жаңаөзен қаласында – 1194, үшіншісі, Бейнеу ауданында – 460 және Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында – 430 бала тест тапсырады. Барлық жерде комиссиялар құрылды. Жергілікті білім бөлім басшыларынан бөлек, қоғамдық ұйым өкілдері, полиция қызметкерлері де жұмылдырылды. Тест өтетін жерлер салқындатқыштармен, ауыз сумен, оқушыларды тексеретін құралдармен толықтай жабдықталды», – деді А.Сейдалев.

Сонымен қатар ол ата-аналар үшін де жағдай жасалғандығын айтты. Олар арнайы дайындалған бөлмеде онлайн режим арқылы аудиториядағы өз балаларын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда ҰБТ-ға байланысты ешқандай мәселе жоқ. Оқушылар да, комиссия мүшелері де сақадай сай екен.

Айгүл ОРЫНБАЕВА