16 қазан күні Ақтау қаласындағы «Амфитеатр» алаңында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев МО жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына жаңа 8 бірдей көліктің кілтін ресми түрде табыстады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Халық игілігіне берілген автомобильдердің 2-еуі реанимобиль және  шақыртуларды қамтамасыз етуге арналған 6 «УАЗ» көлігі. Қолданысқа берілген көліктердің екеуі облыстық санитарлық авиацияға қызмет көрсететін болады, ал қалған 6 көлік аудандарға үлестіріледі.

Атап айтқанда, Ақшұқыр, Боранқұл ауылдары мен Бейнеу, Маңғыстау аудандарына бір-бірден, ал Мұнайлы ауданына 2 көлік берілді. Көліктер Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген стандарттарға сай және заманауи құрылғыларымен жабдықталған.

Жаңа автокөліктер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған қажетті құралдармен толықтай қамтылған. Аймақ басшысының орынбасары Қаныбек Бекболатұлы өңірімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Алдағы уақытта облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы 50 су жаңа автокөлікпен толығады деп күтілуде.

Бүгінде облыстық жедел жәрдем қызметі медициналық көмектің жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында бір орталық арқылы басқарылып отыр.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірдегі медициналық қызметті техникамен жабдықтау мақсатында жергілікті бюджет есебінен 150 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Саби Майемиров