Сурет сайт архивінен

Мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар (қолында шақыру мерзімі кейінге қалдырылды немесе әскерге шақырудан босатылды деген қағазы жоқтардан басқасы) шақырылады.

Кеше Қарақияда мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Аудан әкімі Қ.Бековтың басшылығымен өткен отырыстың күн тәртібінде 2019 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастырып өткізу, ҚР 2012 жылғы 16 ақпандағы 561-IV заңының 17, 30 баптарына сәйкес мерзімді шараны ұйымдастыру, емхана және емдеу орталықтарындағы әскерге шақырылушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ келісім шарт бойынша әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру бойынша нақты мәселелер қаралды. Бұл жөнінде Жаңаөзен қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы М.Касимов баяндап, ұсыныс-пікірлерін де айтты.

Айтуынша, түрлі себеппен әскерге «жарамайтындар» мен «жалтарғыштар» аз емес. Олардың қатарында намаз оқитын, діни дұрыс немесе бұрыс көзқарастағы, діни ұстанымға қатысты жағдайды талап еткіш жастар да бар көрінеді.

Расында, отан қорғау — ойыншық емес. Біреудің еркесі, біреудің серкесі немесе біреулер намазхан, молда екен деп әркімнің жағдайына қарай берсе, темірдей тәртіп орнай ма? Әркім бір себеп тауып, әскерге бармай қалуды көздейтін болса, отанды кім қорғайды? Отанды қорғау — абыройлы және ортақ міндет. Әрбір қазақстандық жас азаматта туған елге, жерге, отанға деген махаббат, шексіз құрмет болуы керектігі жиында баса айтылды.

Отан қорғау — ең басты парыз. Ол парызды орындау жолында діни немесе басқадай таптық, топтық көзқарас, басқа да ешқандай кедергі болмауы керек
Келелі кеңеске қорғаныс істері және шекара қызметінің жауапты тұлғалары, аталған мәселелерге қатысты мекеме басшылары, комиссия мүшелері, ауыл әкімдері және мешіт имамы қатысты.

Жиынды аудан басшысы қорытындылай келе, Отан қорғаудың — ортақ міндет екендігін айтып, отырыстың хаттамалық шешімі бойынша нақты тапсырмалар берді.

Шынар Кендін