Некені тіркеу жас жұбай
Сурет Астана әкімдігінің сайтынан

Әдетте, АХАТ қызметі дегенде көпшіліктің көз алдына әдемі көріністер – қол ұстасқан жас жұбайлар, той көйлегін киген қалыңдық, гүлдер елестейді. Ал шын мәнісінде сала мамандарының жауапкершілігі жоғары, күнделікті қарбаласы көп іс-шаралары сол көріністердің тасасында қалып жатады. Мұнайлы аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ақдәрі Кенгановамен сұхбат барысында сол сан-салалы қызметтің қыр-сырын ашуға тырыстық.

– Ақдәрі Бектұрдықызы, жалпы АХАТ бөлімі десек, алдымен некеге тұруды ой­лаймыз. Жыл басталғалы қанша жұп сіздер арқылы жұбайлық өмірге жолдама алды? Былтырмен салыстыра айтып өтсеңіз.

– Осы жылдың І тоқсанында 228 отбасы некеге тұрды. Ал былтырдың І тоқсанында 242 неке тіркелді. Жалпы өткен жылы неке қию бойынша 975 азамат тіркелген. Оның ішінде шетел азаматтары да бар. 108 шетел азаматы неке қиюға өтініш қалдырды, оның біреуінің азаматтығы жоқ.

– Жастардың некелесіп, шаңырақ көтеріп жатқаны қуантады. Алайда дәм­-тұзы жа­распай, жолдары екіге айырылып кететін­дер көп пе?

– Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Неке бұзу туралы өтініш білдіріп, келіп жататын отбасылар да жетерлік. Неке бұзуға өтініш білдіргісі келетін әр отбасы алдымен біздерден кеңес алуға келеді. Біздер оларды жеке қабылдап, мән-жайды анықтап, отбасын сақтап қалу үшін кеңестер беріп, сөйлесеміз. Бұған да келіспеген жағдайда неке бұзуға өтініштер қабылданады.

Былтыр 320 некені бұзу туралы акт тіркелген. Некені бұзу туралы куәліктер пилоттық жобаға сәйкес 3 сағат мерзім ішінде құжаттары дайын болады. Егер сот шешімі басқа жердің шешімі болған жағдайда 30 күнтізбелік ішінде дайын болады. Заңға сәйкес сот шешімі шыққан, күшіне енген жерге сәйкес жүргізіледі. Сот шешімі негізінде тіркелгендер саны – 289. Оның ішінде сот шешімі негізінде некесі бұзылған 245 отбасының 18 жасқа дейінгі ортақ балалары бар. Атап өтсек, 94 отбасы – 1 баламен, 79 отбасы – 2 баламен, 42 отбасы – 3 баламен, 23 отбасы – 4 баламен, 4 отбасы – 5 баламен, 2 отбасы – 6 баламен, 1 отбасы – 9 баламен ажырасты.

Бір көңіл қуантарлығы 10 адамға азайған. Былтыр І тоқсанда 79 отбасы ажырасса, биылғы І тоқсанда 69 отбасы ажырасқан.

– Бүгінде кәмелет жасына толмай үйленіп жатқандар да бар. Олар некесін заңдастыру үшін АХАТ­-қа құжат тапсыра ала ма?

— Иә, кәмелет жасына толмай үйленіп жатқандар да бар. Қалыңдықтың жүктілік жағдайларына байланысты және ортақ балаларының болуына байланысты некені қию күні қысқартылады. Алайда ол үшін некеге отыруға тілек білдірушінің ата-анасы немесе қамқоршысы неке жасын төмендету қажеттігі туындаған себептерді көрсете отырып өтініш жазады. Сондай-ақ жүктілікті анықтайтын медициналық анықтаманы өткізеді. Жоғарыдағы құжаттарды қабылдап, жастардың өтінішін қанағаттандырып, оларды заңды түрде некеге тұрғызамыз.

Өткен жылы кәмелет жасқа толмай 1 отбасының некесі қиылды. Осы жылдың 1 тоқсанында некесі қиылғандар ішінде кәмелетке толмағандар тіркелген жоқ.

– Некеге тұрамыз де­ген азаматтар енді АХАТ бөліміне бармай­-ақ өті­ніштерін интернет желісі арқылы бере алады екен. Электронды түрде неке­ге тұруға арыз беру, оны қабылдау жұмыстары ау­данда қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?

— Некеге тұруға электронды түрде 774 адам өтініш білдірген. Оның ішінде 660 неке тіркеліп, өтініштері қабылданды. Электронды түрде тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары алғашқы рет некеге тіркелушілер ғана жүзеге асыра алады.

– Осы бөлім арқылы тек қана отбасын құру, бұзу ғана емес, өмірге келген сәбилер мен қайтыс болуды тіркеу, атын, тегін өз­герту сынды жұмыстар да атқарылады. Жалпы туу саны мен қайтыс болғандар саны қандай?

– 2018 жылы барлығы 6334 акт тіркелсе, оның 3970-і — туу көрсеткіші. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Оның 287 өтініші электронды үкімет порталы арқылы қабылданған. Кері жолданғандар саны – 38, себебі туу туралы куәлігін үш күннен өткізіп тапсырылғандықтан құжаттары толық қабылданбаған. Туу туралы куәлікке тапсырылған уақытта көптеген қателіктер болуына байланысты. Пилоттық жобаға және проактивті жобаларға сәйкес туу туралы куәліктер 3 сағат мерзім ішінде құжаттары дайындалып, ХКҚО жолданады.

2018 жылдың қаңтар айынан бастап проактивті жоба іске қосылды. Жаңа туған балалардың туу туралы куәліктерін тапсыру М-gov.kz негізінде жүргізіледі. Ол үшін ең алдымен жүктілік кезде ұялы телефон нөмірлерін ХҚКО-на келіп, тіркету қажет.

Қайтыс болу дерегіне тоқталсақ, 2018 жылы 579 адам өлімі тіркеліп, оның 39-ы 1 жасқа дейінгі балалар. 2018 жылдың І тоқсанында 107 адам өлімі болса, оның 10-ы 1 жасқа дейінгі балалар. 2019 жылдың І тоқсанында 116 адам өлімі болса, 1 жасқа дейінгі балалар саны 10. Жағдай өткен жылмен салыстырғанда тұрақты десек болады. Осы қайтыс болғандардың 331-і ер азаматтар болса, 248-і әйелдер.

– Елімізде цифрландыру жүйесі қарқын­ды дамуда. Осы жұмыс жүйесін жанданды­ру үшін сіздер тарапынан қандай шаралар жүргізілуде?

– Мұнайлы аудандық ХҚКО ғимаратында Мұнайлы аудандық АХАТ бөлімінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің электронды түрде оңай әрі тез арада алу мүмкіндігі жөнінде аудан тұрғындарын қабылдап, «Ашық есік» күні өткізіліп отырады. Мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен ай сайын семинар өткізіліп, кеңестер беріледі. Сондай-ақ ХҚКО-нан бөлінген 2 қызметкермен пилоттық жобаны іске асыру мақсатында АХАТ тіркеу пункті арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстары басты назарға алынуда.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

P.S. Отан – шағын отбасы. Қазақта: «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл бекер айтылмаса керек. Барлық жақсылықтың да, жамандықтың да бастауы – отбасы. Жоғарыда көрсетілген деректерден көп балалы отбасылардың да ажырасуына куә болдық. Бұрын қазақты «Ұят болады» деген бір ауыз сөз тәрбиелейтін. Сол сөздің қадірі кетіп барады. Біз өзімізді бүкіл әлемнің алдында тұрғандай жауапкершілікті сезінгенде ғана кемелдікке ұмтыламыз. Қоғамды өзгертудің ең дұрыс жолы — отбасыңды сақтау және оны дұрыс тәрбиелеу. Әрбір ана отбасының ұйытқысы – әйел екенін, әрбір ер адам шаңырақтың тірегі – әке екенін ұмытпау керек. Сонда ғана көзі мөлдіреп, тірі жетім атанған ұрпақ, тірі жесір атанған аналар болмас еді. Отбасы – ұлттың ұйытқысы. Сондықтан отбасымыз берік болса, еліміздің іргесі мықты болмақ.

 Г.БЕКҚАЛИҚЫЗЫ