Жуырда облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде Маңғыс­тау облысының табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға дайындығы, тілсіз жау – от пен судағы қауіпсіздік, халық­ты қорғайтын тәжірибелі мамандардың, озық технологиялардың әзірлігі және т.б. өзекті мәселелер қаралды.

Алғашқы сөз кезегін алған облыстық тө­тенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Мұханбетов «Каспий теңізі жағалауында орналасқан жағажай, де­малыс базаларындағы судағы қауіпсіздік­ті қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама оқыды. Ол өткен жылы тіркелген қайғылы оқиғалар, төтенше жағдайларды болдыр­мау мақсатында атқарылған шаралар және жоспарланған жұмыстар туралы айтты.

«Департаменттің құрылымына кіретін «Жедел құтқару жасағы» ММ құтқару стан­циясының міндеті – облыс көлемінде ава­риялық құтқару жұмыстарын жүргізу, суда зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және төтенше жағдайлардың алдын алу болып та­былады. Аталған міндеттерді мінсіз атқару үшін Ақтау, Форт­-Шевченко қалаларында, Құрық селосы және «Кендірлі» демалыс ба­засында 4 жедел­-құтқару бөлімшесі жұмыс іс­тейді. Жеке құрам 56 адаммен қамтылған, 18 жүзу құралы, 13 техника, сүңгуір және құтқару қондырғылармен жабдықталған. Жады­рап жаз келіп, суға түсу маусымы ашылғанда құтқарушылардың жұмысы қыза түсетіні белгілі. Бүгінде  Каспий  теңізі жағалауында 3 жағажай аймағы, 5 балалар ақшатыры және 22 демалыс базасы орналасқан. Бұл жағажайларда халықтың демалу қауіпсіздігін бақылау үшін 18 құтқарушы, 22 медициналық қызметкер, 27 қайық, 8 шолу мұнарасы және 214 құтқару құралдары бар. Өкінішке қарай барлық қайғылы оқиғалар судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алады. Статистикаға  көз жүгіртсек, өткен  жылы 19 адам суға кетіп, 33 адам құтқарылды», – деді М.Мұханбетов.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 70 жылдан соң табылған сарбаз

Оның сөзінше, қайғылы оқиғаларды алдын алу мақсатында суға түсу кезіндегі қауіпсіздік туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқы­лы хабарламалар жасалып, мерзімді басы­лымдарда мақалалар жарияланады. Онымен қоса құтқару станциясының қызметкерлері қала, аудандық мектеп оқушыларына суға түсудің қауіпсіздік ережелерін егжей­-тегжей­лі түсіндіріп, сақ болуға шақырып, ескер­тулер жасап отырады. Сөз соңында Манар­бек Хамидоллаұлы жағажай орындарында бейнебақылаулар орнатуды, жеке құрам санын көбейтуді, теңіз жағалауында орналасқан елді мекендерде қоғамдық  орындар  жасақтау­ды және қолайсыз блок­контейнерлерде ор­наласқан «Жедел құтқару жасағы» ММ құт­қару станциясы ғимаратының құрылысына қаржы бөлуді ұсынды.

Ал облыстық төтенше жағдайлар депар­таменті бастығының орынбасары Мұрат Мұханов өз баяндамасында 2017 жылы облыс көлемінде орын алған дала өрттері туралы ай­тып, алдағы уақытта мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері жоқ елді мекендерде өрт бекет­терін ашуды жандандыру, космостық талдау жасауды енгізу сынды көкейтесті мәселелер төңірегінде сөз қозғады.

Комиссия отырысы соңында облыс әкімінің орынбасары баяндамашылардың ұсыныстары ескерілетінін айтып, суға шомылу және өрт қауіпті кезеңдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нақты тапсырмалар берді.

Ханым ҚУАТ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ