Бұ заманда құқы бұзылып, қорғалмай жүрген қоғамның әлеуметтік әлсіз тобына жататын әйелдер мен балалар мәселесі кейінгі кездері күн тәртібінен түспей келеді. Біздің облысымызда да осы олқылықтың орнын толтыруға арналған игі шаралар көбейіп, әлжуаз ана мен күші толыспаған балалардың құқын қорғау бағытындағы іс-шаралар жалғасын табуда.

«БҰҰ Балалар қоры», ЮНИСЕФ пен «Мейірім» қоғамдық бірлестігі, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Маңғыстау облысындағы балаларға достық сот төрелігін дамыту» жобасын жүзеге асыру мақсатында балалар құқтары бұзылған және балаларға қарсы зорлық-зомбылық жағдайларында жәбірленуші балалар мен қылмыс куәгерлерін қолдау және құқықтарын қорғау қызметтеріне қолжетімділігін  қамтамасыз етуге бағытталған орталық ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, Еуроодақ басқармасының Қазақстандағы басшысы Траян Лауренцо Христеа, Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаттары  Снежана Имашева, Наталья Жұмаділдаева, Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы Зәуре Кейкібасова т.б лауазымды тұлғалар қатысты.

— Бұндай орталық бұрын Қазақстан бойынша тек екі жерде — Қызылорда мен Өскемен қалаларында болса, енді Ақтау қаласындағы 3-шағынауданның 47 «Б» үйінен ашылып отыр. Орталықта 7 қызметкер жұмыс жасайды.

Бұл «Маңғыстау облысындағы балаларға арналған әділеттік» орталық халықтың хабардарлығын арттыруға, сонымен қатар, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы жәбірленуші балалар мен қылмыс куәгерлеріне әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеді. Зардап шегіп жүрген балалар осы орталыққа келіп көмек сұрай алады. Бізге қазірдің өзінде оншақты бала тартылды, тағы да құқығын қорғай алмай жүрген балалардың хабарласуына болады,- орталық басшысы, «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің директоры Александр Муха

img_6069-1БҰҰ (ЮНИСЕФ) жанындағы Үйлестіру кеңесінің үшінші отырысы «Балалар құқын қорғау жүйесін нығайту» тақырыбында «Ренессанс» қонақ үйінде облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, Еуроодақ басқармасының Қазақстандағы басшысы Траян Лауренцо Христеа, БҰҰ жанындағы балалар қорының Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный,  Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаттары  Снежана Имашева, Наталья Жұмаділдаева, Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы Зәуре Кейкібасова, ҚР Бас прокуратурасының құқық қорғау департаментінің бөлім бастығы Панагүл Шынбаева, облыстың мемлекеттік органдары өкілдері, Ақтау, Қызылорда, Астана қалаларының қоғамдық ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жалғасты.

-Қазақстан балалар құқын қорғау Конвенциясына жиырма жыл бұрын қосылған болатын. Осы, балалар құқын қорғау және құқықтық ортаны жақсарту жұмысын мақсатты түрде жүзеге асыруды күн санап күшейтумен келеді. Осы тұрғыда депутаттар  бала құқын қорғау туралы заң жобасына кейбір өзгертулер енгізіп, қарауға ұсынып отыр ,-деді жиында сөз алған С.Имашева.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Н. Жұмаділдаева заң жобасына ұсынылғандай жеті заң, жеті кодекске өзгерту енгізуді мақұлдап отырғанын жеткізді. Бұл жобада норвегиялық тәжірибенің құптарлықтай жақтары басым болып отырғанын айтқан ол, ағымдағы жылдың маусым айында қазақстандық делегацияның балалар құқын қорғау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Норвегияға барып қайтқанын айтты.

Ол мемлекеттің бала құқын қорғау туралы заң талаптарының өте күшті екенін, әрбір қысымға ұшырап жүрген баланың жағдайын сезген көршісінің бейтарап қалмау жағы жақсы қарастырылғанын да атап өтті.

Жалпы құқық қорғау мәселесінде, әсіресе, кәмелетке жетпеген балалардың құқын қорғау мәселесінде кез-келген тұрғынның бей жай қалмауы керектігін есепке ала отырып жасалған заңның қоғамдағы құқы бұзылған баланың азаюына ықпалын тигізетіні белгілі. Бұл тәсілді қазақстандақтар күн тәртібіне енгізетін болса, арамыздағы құқы тапталған жасөспірімдердің жағдайы жақсаратынын түсіну  қиын емес.

Үміт ЖӘЛЕКЕ