Кеше ғана Ақтау әуежайынан дүйім жұрт күтіп алған самбодан әлем чемпионы маңғыстаулық спортшы Дәурен Төлегеновті Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қабылдап, сый-сыяпат табыстады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Аймақ басшысының орынбасары Қаныбек Жұмашев спортшыларға Маңғыстау жұртшылығының атынан зор ризашылығын білдіріп,самбодан әлем чемпионы Дәурен Төлегеновке 300 мың теңге, грек-рим күресінен әлемнің күміс жүлде иегері Темірлан Әбішев пен бапкерлеріне 200 мың теңге сертификат табыстады.

Сонымен қатар, грек-рим күресінен Грузия елінің Тбилиси қаласында ардагерлер, яғни 36-40 жас аралығындағы спортшылар арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Темірлан Әбішев те бұл жиынға қатысты.

Қаныбек Жұмашев самбодан әлем чемпионын қабылдады
Грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Темірлан Әбішев

Чемпионатқа 3 ай дайындықпен бардым.  Грузия, Африкамен спортшыларымен күресіп, ақтық мәреде ирандық күресшіге ұпаймен есе жіберіп алдым. Дегенмен, еңбегіміз ескеріліп, облыс әкімдігі сый табыстап жатқанына рақмет, — дейді Темірлан Әбішев.

Сондай-ақ кездесуге үздік спортшылардың бапкерлері мен тумаластары және облыстық спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Қанат Жұмабаев, «Жас батыр» спорт мектебінің ұжымы қатысты.

Бұл чемпионат мен үшін күрделі болды. Себебі әр елдің мықты спортшылары келді. Финалдағы қарсыласымды жеңу оңайға соқпады. Оны жеңуде қалмақ әдісін қолдандым. Әнұранды әлемдік аренада шырқату — мен үшін үлкен мәртебе. Сол жеңісімізге қуанып, құрмет көрсетіп жатқан облыс әкімдігіне ризамын, рақмет, — дейді самбошы Дәурен Төлегенов.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Дәурен Төлегенов Ташкент қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігінде 56 келі салмақта сынға түсіп, алтыннан алқа таққан еді.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Саби Майемиров