Суретті "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынды

25 жылдан астам уақыт тынымсыз еңбек етіп жүрген «Zhamal-ai LTD» ЖШС отандық нарықта үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ол жеңіл өнеркәсіп пен жиһаз жасаушылар арасынан алғашқы индустриялық сертификатты иеленген алғашқы кәсіпорын. Аталған сертификат мемлекеттік сатып алуға қатысуға, отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді шетелде көрсету бойынша шығындарды өтеуге мүмкіндік береді.

«Бұған дейін өндіріс ошағы СТ KZ сертификатымен өнім шығарып келді. Жаңа сертификатты алу үшін тиісті дәлелді құжаттар жинақтадым. Өндіріс ғимаратын, қарқынды жұмыс істеп тұрған өндірісті, отандық өнім шығару барысын, техникаларын арнайы комиссия тексерді. Сонан соң алғашқы болып біздің кәсіпорынға беруге шешім қабылдады»,— дейді сертификаттау жөніндегі инженер Болат Дүйсекешев.

Маңғыстаулық «Zhamal-aі LTD» алғашқы индустриялық сертификатты иеленді

Ал Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының сертификаттау жөніндегі 1-санатты маманы Асхат Ысқақов: «Индустиялық сертификаттың талаптарына сай құжаттар тізімі берілді. Еліміздегі 28 сарапшы маманды ұсынып, біреуі таңдалды. Оған кәсіпорынның құжаттарын жіберіп, тексерістен өтті. Сарапшының оң қорытындысы келген соң, мамандар тобы арнайы барып тексеріп, лайықты деп тапты. «Zhamal-ai LTD» ЖШС 268 тауар түріне арналған индустриялық сертификатқа ие болды», — дейді.

Жеңіл өнеркәсіп саласында кәсіпорын бірнеше рет республикалық, облыстық және қалалық көрмелердің жеңімпазы және жүлдегері атанды. Мұнда 160 адам еңбек етеді. Кәсіпорын цехтары заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Маңғыстаулық «Zhamal-aі LTD» алғашқы индустриялық сертификатты иеленді

Кәсіпорын арнайы жұмысшы киімі мен аяқ киімдерін өндіруден бөлек, халыққа арналған күнделікті аяқ киім шығаруға да кірісті. Арнайы киімдер мұнайшыларға, әскери күш құрылымдарына, құқық қорғаушыларға, медицина қызметкерлеріне арнап тігілуде. Лицейлерге арналған оқушылардың мектеп формасы да тігіншілер қолынан шығады.

Атап айтқанда, «Sharkey» бренді – бұл сәнді, әдемі және жоғары сапалы былғарыдан жасалған аяқ киім. Барлық отбасыға, яғни ер адам, әйел, балаларға арналған аяқ киімдер сапасы жағынан жақсы танылған отандық өнім.

Маңғыстаулық «Zhamal-aі LTD» алғашқы индустриялық сертификатты иеленді

2017 жылы өндірісті кеңейту мақсатында 100 пайыз мақтадан жасалған киімдер тігу технологиясы енгізілді. Поло жейделері, ұзын және қысқа жеңді футболкалар, балалар полосы, балалар спорт киімі осы санатқа жатады. Қазіргі таңда нарықтағы барлық өнім тұтынушылардың үлкен сұранысына ие.

«Zhamal-ai LTD» ЖШС директоры Зибира Хасанованың айтуынша, кәсіпорын жылына 19 мың дана арнайы киім тігіп отыр. Сонымен қатар жылына 100 мың жұп арнайы аяқ киім мен  30 мың жұп макасин шығаруда. Кейбір аяқ киімдердің табаны осында құйылады. Шикізаттар Ресей мен Италия, Түркиядан жеткізілуде.

Маңғыстаулық «Zhamal-aі LTD» алғашқы индустриялық сертификатты иеленді

Сапалы өнімдер Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында саудаланып жатыр. Мұнан бөлек Астана мен Алматы қалаларында да сауда нүктелері бар. Алдағы уақытта Атыраудан да ашу жоспары бар екен. 3-6 қыркүйек аралығында Мәскеуде өтетін көрмеге қатысып, кәсіпорын өнімдері халықаралық нарыққа жол тартпақшы. Негізгі мақсаты — «Қазақстанда жасалған» таңбасымен отандық тауарлардың экспорт аясын кеңейту.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді Маңғыстау облыстық «Атамекен» ұлттық палатасы ұсынды