Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) ұғымы туралы еліміздің азаматтарына кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу әлі де жалғасын табуда.

Ендігі кезекте бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы МӘМС-дың пакеттеріне қол жеткізуге болады. «Бұл қалай жүзеге асырылады, қандай қаражат мөлшеріне төлем жасалады және қандай пайдасы бары?» жөнінде Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен құрылған әлеуметтік сала мамандарынан құралған топ өкілдері Баутин және Қызылөзен ауылдарының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

2020 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында «Медициналық сақтандыру» атты жаңа реформа жүзеге аспақ. Бұл реформаның нәтижесінде халықтың бірдей медициналық пакеттерді пайдалану мүмкіндігі туады. Айта кетелік, мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар жедел жәрдем шақыруға, емханаға келіп, қаралып, стационарда жатып, тегін ем ала алатыны белгілі. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулез ауруына шалдыққан науқастар ғана тегін ала алады екен. Бұл тақырыпты кеңінен қозғаған Маңғыстау облыстық «ӘМСҚ» жергілікті филиалының сарапшысы Л.Қалдығожина: — Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді. Бұл қызметтердің барлығы азаматтарға тегін көрсетілетін болғандықтан кепілдендірілген стандарт болып саналады. Екінші пакет – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті деп аталса, оған табысы орташа азаматтардың қалтасы көтермейтін МРТ, КТ, томография қызметтері енгізіледі. Бағасы қымбат болып келетін оталар, сирек кездесетін медицина қызметі түрлері, салалық медицина мамандарының қабылдауы қызметі кіретін бұл пакетті медициналық сақтандырыла алынған азаматтар пайдалана алады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар үшін бұл пакетті пайдалану бірыңғай төлем төлеу арқылы жүзеге асады. Мысалы, үйде отырып кондитерлік өнім пісіріп, болмаса бет әрлеумен немесе таксист, асаба болып жүрген әрбір азамат бірыңғай жиынтық төлем төлесе, медициналық сақтандылғандар қатарына жатқызылады. Бірыңғай жиынтық төлем ауыл тұрғындары үшін 1263 теңге, қалалық тұрғындар үшін 2525 теңге болып бекітілген, — деп түсіндірді.

Айта кетелік, қазіргі таңда мемлекет тарапынан сақтандырылған 15 категория бойынша кейбір азаматтардың жеңілдігі бар. Балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар, 3 жасқа толмаған баласының тәрбиесімен айналысатын әйелдер, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедек баласының денсаулығына байланысты күтім жасап отырған аналар, тергеуде отырғандар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, мүгедектер, т.б. бұл категорияға кіреді.

Қазақстанда еш жерде заңды жұмыс жасамайтын, жеке шаруашылығы да,кәсіпкерлігі де жоқ азаматтар медициналық сақтандырылған статусына қалай ене алады деген сұрақ өз-өзінен туындары сөзсіз.

— Қазақстанда 18 млн-ның үстінде халық болса, оның 11 млн-ы автоматты түрде сақтандырылғандар статусын алады. Яғни жоғарыда айтылған 15 категорияға кіретін шамамен 11 млн. халық үшін 2020 жылдан бастап медициналық сақтандырудың түрлі пакеттеріне қаражат бөлуді мемлекет өз мойнына алған. Шамамен 5,7 млн. халық жалдамалы жұмысшылар статусын алып отыр. 2019 жылдан бастап жұмыс жасайтын топ үшін әрбір жұмыс беруші 1,5 пайыз мемлекеттік сақтандыруға жұмысшысы үшін аударым жасап отыр. 2020 жылдан бастап жұмыс беруші тараптан 2 пайыз, жалдамалы жұмысшы еңбекақысы тарапынан 1 пайыз, барлығы 3 пайыз медициналық сақтандыру қорына әрбір жалдамалы жұмысшы үшін аударылатын болады. Жұмыс берушілер, ИП, шаруа қожалықтары үшін де белгіленген мөлшерде медициналық сақтандыру үшін төлем жасауы керек болады. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген қалған азаматтар бірыңғай жиынтық төлем төлеуі керек. Олар еш жерге өзінің жұмысын көрсетіп қағаз жинамайды, ешқандай салық та төлемейді. 1263 немесе 2525 теңгені 3 ай үзбей төлесе, медициналық сақтандырылғандар болып есептеліп, қымбат медициналық қызметтер кіретін пакетке ие бола алады. Бұл төлемді төлегенде тек медициналық сақтандыру ғана емес, зейнетақы аударымы жүріп тұрған болып есептелінеді. Зейнатақы қорына төлем жасаудың маңызын декреттік демалысқа, зейнеткерлікке шыққанда ғана білесіздер. 2019 жылдың қаңтарынан басталған бірыңғай жиынтық төлем төлеу шартын 6 ай тұрақты төлесе, көптеген әйелдер босануға дейінгі мемлекеттен берілетін жәрдемақыны ала алады, — деп толықтырды медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау филиалының бөлім басшысы А.Дәден.

Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ