жәрдемақы

Жәрдемақы тағайындау, зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістер халықтың жіті назарында. Сол себепті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Ұлан Серікбайұлымен зейнетақы тағайындау рәсіміне енгізілген өзгертулер және жәрдемақылардың уақытылы төленуін бақылауға алудың маңызы жайлы сұхбат құрдық.

— Ұлан Серікбайұлы, жәрдемақыларды тағайындау әрі төлеу жүйесіндегі ең соңғы жаңалықтар қандай?

— Былтыр мамыр айынан бері 4 мекеме басы біріктірілді. Бұған дейін біз «әлеуметтік төлемдерді ведомствааралық есептеу орталығы» департаменті ретінде қызмет атқардық. Бүгінгі таңда мен жетекшілік ететін әлеуметтік сала бағыты бойынша басты міндет — жәрдемақылар мен зейнетақылардың уақытылы төленуін бақылауға алу. Зейнетақы не жәрдемақы бір-екі күн кешіксе, халық әбігерленіп, дереу хабарласады. Ел арасында тек бір жәрдемақыға күн көріп отырған жандар жетеді. Біздің міндеттің маңыздылығы да осында.

Жалпы өзгерістерге тоқталып өтсек. Жыл басынан бері зейнетақы көлемі 7 пайызға, ал жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне және айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты 5 пайызға артты. Сонымен қоса биыл шілдеден бастап мүгедек бала  тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршыға берілетін жәрдемпұл 30 пайызға ұлғайды. Осы орайда өте мұқият болған жөн. Жәрдемақы мүмкіндігі шектеулі жандарға емес, бала кезінен бастап, мүгедектігі 1-топ азаматтардың ата-анасына немесе қамқоршысына ғана тиісті.  Яғни бұрын 31 183 теңге болса, қазір 41 578 теңгені құрап отыр.

— Зейнетақы өсімі қанша теңгені құрады?

— Сонымен қоса базалық зейнетқы мөлшеріне қатысты өзгертулер бар. Базалық зейнетақы дегеніміз зейнет жасына толған жандарға мемлекет тарапынан төленетін міндетті әлеуметтік көмек. Бүгінде базалық зейнетақы көлемі 16 147 теңгені құрайды. Былтыр шілдеден бастап барлық зейнеткерге бірдей төленетін базалық зейнетақы мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болмақ. Шілдеге дейін барлық зейнеткерлер бірдей көлемде 15 274, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің, яғни 28 284 теңгенің 54 пайызын  алып отырды. Ал 1 шілдеден бастап кімде он жыл немесе одан төмен еңбек өтілі болмаса, 54 пайызын алады. Он жылдан кейінгі әр жылға екі пайыздан қосылып отырады. Егер еңбек өтілі 20 жыл болса, күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, 30 жыл болса 94 пайызын,  ал 33 жыл қызмет етсе ең төменгі күкөріс деңгейінің 100 пайызын алады. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңгені құрады.

— Зейнетақы тағайындау жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып өтсеңіз?

— Бұрын зейнетақы тағайындау барысында еңбек өтілі талап етіліп,  міндетті түрде сот шешімі сұралатын. Назар аударар негізгі мәселе — көптеген зейнеткерлер әр түрлі жағдайларға байланысты толық еңбек өтілін заң аясында дәлелдей алмай жатады. Кейбір азаматтар қызмет еткен мекеме жабылып қалады немесе 1 айда 4 айдың зейнетақы жарнасын аударып жібереді де, бұл ақша заңнамаға сәйкес тек бір айдың жарнасы ретінде есептеліп кетеді. Ал оны растау оңай дүние емес, сот шешімі күтіледі. Әуре-сарсаңға салынады. Заңнамадағы жаңа өзгертулерге сәйкес ендігі ретте кез келген азамат өзі қызмет еткен мекеме мұрағатындағы дәйекті құжаттарға сүйене отырып, бухгалтер мөрі басылған, қолы қойылған құжат арқылы сот шешімінсіз-ақ толық еңбек өтілін тағайындау мүмкіндігіне ие болады. Бұл жөнінде біздің тараптан түсіндіру жұмыстары тиянақты жүргізіледі. Біздің облыста көрші елдерден қоныс аударған азаматтар өте көп. Сол жағы әрине қиындық тудырады. Бірақ қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда жедел пошта арқылы қажетті құжатты алдырып, өзіне тиесілі, көп жылдық бейнетінің жемісі- лайықты зейнетақыға қол жеткізген жандар өте көп.

Сонымен қоса, 2018 жылдың қаңтарынан бері әйелдердің зейнет жасы сатылап ұлғаюда. Әйел азаматшалар былтырғы шілдеден бастап 58 жарымнан, биыл 59 жастан зейнет демалысына  шығуда. Маңғыстау облысы бойынша 1555 зейнеткер бар. Біз барлық әйел азаматшаларға жыл басталысымен уақыттан озбай құжат тапсыру жөнінде хабарлама жібердік. Бұл өте маңызды. Егер кез келген азаматша шілде айында 59 жасқа толып, қаңтар айында құжат тапсырса ол кісіге зейнетақы 59 жарымнан бастап тағайындалады. Тек қана  бес бала дүниеге әкелген немесе асырап алған аналар ғана 53 жастан, сондай-ақ Семей ядролық сынақтар аумағында  5 немесе одан да көп жыл тұрмыс кешкен  әйелдер 45 жастан, ерлер 50 жастан шыға алады.

— Көп балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы жайы қандай?

— Былтырға дейін кімде төрт не көп бала болса 10 мың 5 теңге мөлшерінде жәрдемақы төленіп келді. 2018 жылдың қаңтарынан бері заңға енгізілген өзгертулер аясында  жергілікті бюджет қорынан төленетін Атаулы әлеуметтік көмек төленуде. Атаулы әлеуметтік көмек әр отбасының  әлеуметтік жағдайы мен табысына байланысты  тиісті басқарма тарапынан тағайындалады. Бұл мәселемен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы айналысады.

Пайдалы әңгімеңізге рахмет!

Голрох ЖЕМЕНЕЙ